Жемқорлықпен қалай күресеміз?
Ең сорақысы, олардың бәрі өмірінде бір рет болсын пара беріп көрген. Мұны Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің басшылығы мәлімдеп отыр.
Мұндай деректерден Мемлекет басшысының өзі хабардар болып шықты. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде өткен кеңесте ол елдегі пара беру, пара алу, мемлекеттің қаржысын жымқырудың түрлі схемаларын жайып салды.
Сыбайластықтың түр-түрі бар. Бірақ біздегі шенеуніктердің ақша жымқырудағы айла-шарғысы жаға ұстатады. Мынаны қараңыз, кей өңірде жайылымдық жерді суаруға бөлінген субсидияны қалай да қалтасына басып қалуды көздегендер оған күн батареясын сатып алған. Шаруаға қажет пе, жоқ па, оған бас қатырған ешкім жоқ. «Субсидияны игердік» деп есеп беру үшін бағасын бір емес, бірнеше есе қымбат көрсеткен. Өкініштісі, қоймадағы сол күн батареясы былтыр қуаңшылықтан қырылған малды аман алып қала алмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Тіпті кейде мемлекеттік органдардың өзі тікелей араласып, заңсыз әрекет жасаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек.
Мемлекеттің кез келген бағдарламасы қазір әкім қаралар мен солардың сойылын соғатындардың май шелпегіне айналды. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те бес саусақтай біліп отыр. Бірақ күресте қауқарсыздығын мойындағандай.
Жемқорлар қарапайым жұрттың да санасын улап бітті. Халықтың 45% жемқорлықпен күрескісі келмейді. Мәселесін парамен шеше слаған оңай оларға. Өйткені қарапайым жұрт пара бермесе, есіктен есікке жүгіріп, табаны тозарын жақсы біледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұртшылық жемқорлыққа қай жерде қандай жағдайда тап болатынын үнемі айтып келеді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар. Ең алдымен ел назарындағы осындай түйткілдерге мән берген жөн. Бұрын жылжымайтын мүлікті тіркеу әбден жемқорлыққа батқан саланың бірі болатын.Оны ретке келтіру үшін кешенді шаралар қолға алынды. Мұның нәтижесінде ұзын сонар кезек жоғалып, пайдакүнем делдалдарға тосқауыл қойылды. Яғни жүйелі жұмыстың арқасында қауіпті кесел жойылды. Бұл – жемқорлықпен күрестің нақты мысалы.
Енді кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларына жауапты министрлер жемқорлықты қалай жоятындарын Президент алдында баяндап беруі тиіс. Баяндап қою аз, нәтиже көрсетпесе, орынтағынан айырылу қаупі бар. Енді олардың жұмысы жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы бағаланады. «Кадр таңдағанда да өміртарихының тазалығына мән беру керек», – дейді сарапшылар.
Марат Бәшімов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Кейде қарайсың, оқисың, әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев баға саясатына жауапты органдардың жұмысына да күмән келтірді. Өйткені баяғының батырларындай күн санап өсетін біздегі бағаның астарында бас пайдасын ойлайтындардың жымысқы әрекеті жатқандай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы, отандық өнім өндірушілер темір жол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын темір жолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді.
Президент мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «ҚазАвтоЖол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын бар жоғы төрт компания жеңіп алған. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялар мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысады.
Ал, кеден саласын да «контрабанда» дейтін індет жайлап алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90% жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45% кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Сыбайлас жемқорлық соттың өзін айналып өтпеді. Соңғы үші жылда «пара алды, қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен 174 судья істі болды. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себердің» кері келіп тұр.
Авторлары: Шынар Асанқыз Айдос Ентебеков