Президент қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев құран бағышталған соң арнайы сөз сөйледі. Қазақстан Президенті биылғы жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталғанын, халқымыз өте қиын күндерді бастан өткергенін айтты.
– Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды.
– Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлайтынын, енді халқымыздың тыныштығын бұзуға жол берілмейтінін жеткізді.
– Халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын!», – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Президент Қазақстан халқына сабыр, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі Сонымен қатар өскелең ұрпақ үшін тұтас ел болып Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.