Қасым-Жомарт Тоқаев сингапурлық PSA компаниялар тобының басшысы Тан Чон Мэнді қабылдады
Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне тоқталып, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізі арқылы тасымалданатын тауардың 83% біздің ел аумағынан өтетінін айтты. Осыған байланысты сингапурлық компанияның тәжірибесіне қызығушылық білдірді.
Алпауыт компания басшысы Тан Чон Мэн де Қазақстанда көлік-логистикалық жобаларға инвестиция салуға ниетті екенін жеткізді. Әсіресе: «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, логистикалық қызмет көрсету, цифрлық көлік дәлізін дамыту, кедендік рәсімдерді трансформациялау үшін өзара ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», - деді.
Мемлекет басшысы қос тараптың бұл бағыттағы жұмыстары жемісті боларына сенім білдірді. Айта кету керек, сингапурлық PSA компаниясы құрлық пен теңіз порттарын басқару, көлік-логистикалық, сауда және кеден саласын цифрландырумен айналысады. Әлемнің 26 мемлекетінде 50-ден астам филиалы жұмыс істейді.