Ерлан Қарин: референдум саяси жүйені толық жаңғыртады
Мемлекеттік хатшы: «Бұл қадам қазіргі саяси реформалардың маңызын айқындайды және саяси жүйені толық жаңғырту үшін қажет», - деді. Сарапшылар Конституцияға енгізілетін түзетулер негізгі саяси институттардың құрылымын өзгертетініне назар аударды.
Ерлан Саиров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Конституцияда 98 бап болса, оның 33-іне, яғни, 3-тен 1-не өзгерістер енеді. Мұның ішіндегі сапалық өзгеріс ол Президенттің құзырынан Парламенттің құзыры кеңейіп, сонымен қатар орталықтан өңірлердің құқығы артады. Яғни елімізде демократия, плюрализм және әлеуметтік әділет принциптері қалыптасады деген сөз.
Айдос Сарым, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Елімізді түбегейлі жаңартамыз десек, бұған да халықтың қатысқаны, барша азаматтың өзінің пікірін білдіргені ауадай қажет. Себебі біз көптен бері позитивті энергия алып көрген жоқпыз. Көп жағдайда біздің сайлау немесе басқа да науқандар елді, жұртты бөлетін. Табыстырудың орнына ішіне сызат түсіретін дүниелер көп болды. Енді осы тұрғыда Президенттің шешімін тарихи шешім деп айтуға болады. Себебі халықтың болашақ тағдыры өз қолына беріліп отыр.