Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін ШҚО-ға барды
Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті. Кәсіпорындар, медицина орталығы, білім беру мекемелерінің ұжымымен кездесті.
Жаңа Қазақстан құру идеясы айтылғалы елімізде ауқымды өзгерістерге, ірі жобаларды жүзеге асыруға негіз қалануда. Абай облысының құрылуы да осы ілкімді істердің қатарынан деуге болады. Бұл шешім арқылы аймаққа инвестиция тартылады, жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік жанданады. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларды жеке өңір ретінде құрылуымен құттықтады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, бұл Президенттің әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз.
Мәжіліс Төрағасы жиналған қауымға Мемлекет басшысы реформаларының мән-маңызын түсіндіріп, Жаңа Қазақстанның келешек келбеті жайлы өз ойымен бөлісті. Ел тағдырын айқындайтын жалпыхалықтық референдумның маңызындылығына тоқталды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Жаңақазақстандық қандай болады деген сұрақтар бар. Бір жарым ғасыр бұрын Абай жауабын беріп кеткен екен. Жаңақазақстандық бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуы керек. «Талап, еңбек терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс білсеңіз», - дейді. Бұл – жаңақазақстандықтың нағыз бейнесі.
Төлеген Жанғалиев, Абай ауданының құрметті азаматы:
- Облыс құрудың өзі реформа ғой. Жаңа қазақстан құру деген жай сөз емес. Жаңа Қазақстан құру – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту деген сөз.
Ерлан Қошанов сапар аясында медициналаық мекеме, кәсіпорындар жұмысыменде танысты. Сондай-ақ Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барып тұрғындармен, мектеп ұжымымен кездесті.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы