Елбасы кітапханасында «Референдум: тұжырымдамалық аспектілер» дөңгелек үстелі өтті
Іс-шараға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттігінің алғашқы күндерінен бастап қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы азаматтарымызды басқару процесіне қосудың бастамасы болды. Республикалық референдум арқылы халықтың конституциялық өзгерістер қабылдауы алдағы реформалардың тұрақты траекториясын айқындайды және азаматтық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, «барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр. 27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров, тарих ғылымдарының докторы, Astana IT University профессоры Сәуле Мамытова, қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелер жөніндегі сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлова өз пікірлерімен бөлісті.
Пікірталасты қорытындылай келе, модератор Б.Темірболат дөңгелек үстелге қатысушыларға алғысын білдіріп, еліміз үшін осындай тағдыршешті уақытта ешкім де шетте қалмауы тиіс және әркім өзінің тарихи таңдауын жасай алатынын атап өтті.