Президент «Алматы БалаFest» фестивалінің қорытынды шарасына қатысты
Мемлекет басшысы Алматыда мерекеге орай балалармен кездесті. «Алматы БалаFest» шығармашылық фестивалінің қорытынды шарасына қатысты. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, өрендерге сыйлығын табыстады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Ол бұл жыл «Жалаң ұранмен өтпеуге тиіс» деген. Соның дәлелі ретінде тұңғыш рет «Алматы БалаFest» фестивалі ұйымдастырылды. Бір ай бойы өткен байқауға 300 мыңнан астам бала қатысты.
300 мыңнан оқ бойы озық шыққан 930 жеңімпаз бар. Сол жеңімпаздармен кездесіп, арнайы марапаттау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ботаникалық баққа келді. Байқау жеті бағыт бойынша өтті.
Жанат Айтпаева, «Алматы дарыны» орталығының директоры:
- Олар: әдебиет, көркем оқу, мәнерлеп оқу, IT-технология, сурет салу, музыка, би. Үш кезеңнен тұрды: мектепішілік, аудандық және қалалық.
Қалалықтан бірінші орын алғандардың бірі – Тимур Қырбасов. IT бойынша жүзден жүйрік шыққан. Жобасы да ерекше. Көшені анықтап беретін бағдарлама ойлап тапқан. Оны ұялы телефонға жүктеуге болады.
Тимур Қырбасов, «Алматы БалаFest» байқауының жеңімпазы:
- Шынында да, біз мол тәжірибе жинадық. Бұл білімімізді көрсетуге мүмкіндік берген байқау болды. Осы арқылы мен арманымды жүзеге асырып, сүйікті қалама пайда әкелетін жобамды ұсындым. Жаңа форматта алғаш өткен фестиваль алдағы уақытта жалғасын тапса деген тілек бар.
Байқауда бабы келісіп, бағы жанған тағы бір батыр – Шымыр-Сұлтан Бейшен. Техникаға жақын. Қазақтың келешектегі Илон Маскі. Өскенде: «Электромобиль шығарсам», - дейді.
Шымыр-Сұлтан Бейшен, «Алматы БалаFest» байқауының жеңімпазы:
- Техникалық бағытқа балалардың қызығушылығы көп. Елімізді дамыту үшін инженерлер керек.
«Инженерлер керек» деп Президент те әркез айтып жүреді. Себебі келешектің кілті соларда.
Талаптанып, талпынып тұрған өрендердің өнерімен танысу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ботаникалық бақты аралап шықты. Түрлі тақырыпты қамтитын жеті алаңда болды.
Мемлекет басшысы болған алаңның бірі – Кітаптар қазынасы. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев «Алпамыс батыр» жырын тыңдады. Жатқа айтып тұрған Михаил Шут. 11-сыныпта оқиды. Михаилдың көлемді шығарманы беске білетіні сол жырды кез келген жерден бастап берсеңіз, кідірмей, мүдірмей жалғап кетеді.
Жырдан үзінді оқып болған Михаил Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді. Қолтаңба сұрады.
Нұрила Тәжіқұл есімді оқушы – ақын. Өлеңге жақын. Алғашқы жинағы да жарық көрген. «Алматы БалаFest» фестивалінде «Қазақтың Құлагері» атты туындысын ұсынып, бас жүлдені иеленген.
«Алматы БалаFest» фестивалі аясында шахматтан да сайыс өткен. Ойы ұшқыр жастардың бұл тобымен де Қасым-Жомарт Тоқаев жеке сөйлесті. Сосын шахмат ойнады. Бірінші жүріп, ойынды бастап берді.
Дэниел Ким – 9 жасар өнертапқыш. Робототехниканың мықтысы. Тілге де жүйрік. Ағылшын тілінде Мемлекет басшысына жетістіктерін айтып берді.
«Алматы БалаFest» фестивалінде мыңнан тұлпар атанған үздік робототехниктерді, IT озаттарын, жүрегіне жыр тұнған жас ақындар мен сайыпқыран спортшыларды, зерек шахматшы, таңдаулы суретшілерді, сахнаның сұлулары – бишілер мен әншілерді Мемлекет басшысы өзі марапаттады.
Президент пен балалар. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да жас буынды әрқашан қолдайтынын және қорғайтынын көрсетті. Өрендерді түгел жанына жинап, бәрімен бірге мерекелік концертті тамашалады.
«Алматы БалаFest» талай талантттың талабын ұштады. Мағжан ақын айтқан «көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» өрендерді Мемлекет басшысы келіп марапаттап жатса, бұл балалардың мерейін тағы өсірді. Фестивальдің даңқын асырды. Сондықтан тұңғыш рет өткен «Алматы БалаFest» келер жылы да жалғасын табады. Тағы мыңдаған жастың бағы жанады.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Еділ Ермекбаев, Алмас Омағалиев, Бақытбек Нұртаев