Қ. Тоқаев: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру керек
Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беріледі. Ал бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы қайта ашылады. Мұны Мемлекет басшысы айтты.
Алматыға сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты. Бұдан бөлек бірнеше нысанды аралады.
Біздің жұрт қай кезде де ілім-білімге құштар болған. Ғылымды «жанып тұрған шырақ» деп біледі. Ал ғылымның ордасы – ұлттық академия. 1946 жылдың 1 маусымында Қазақ ғылым академиясы құрылды.
75 жылда талай сүрлеу-соқпақтан өткен академияны жаңа биікке шығаратын уақыт жетті. Әйтпесе құзіреті аз. Ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сосын салалық журналдар шығарады. Бар болғаны осы. Сайып келгенде, академиктердің өзі академияның болашағына күмәнмен қарайды. Сондықтан Президент: «Қарашаңырақты жаңғыртып, мәртебесін көтеру керек», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Академияның мәртебесін көтеру керек деп санаймын. Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қарашаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз.
Алдағы уақытта ғылыми басымдықтарды дәл осы академия айқындайды. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де академияға беріледі. Бізде құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндер бар. Жасыратыны жоқ. Бұл тіпті үрдіске айналып барады. Соның кесірінен мемлекеттің қырауар қаражаты босқа кетеді. Енді мұндай атаққұмарларға біржола тосқауыл қойылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойластырған жөн. Бүгінде академиктеріміздің орташа жасы – 74 жас. Сондықтан академияның құрамына беделді, болашағы зор ғалымдарды қосқан абзал. Қарапайым тілмен айтқанда, академияны мансап қуып, ғылымға кездейсоқ келген адамдардан сақтау керек. Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесін шешу керек.
Ғылымды қаржыландыруға жеке инвестиция тартылады. Мемлекеттік бюджетпен қатар жер қойнауын пайдаланушылар, ұлттық компаниялар және ірі жеке сектор мен өзге де ұйымдар ғылымға қарайласып, қолдау көрсетіп тұруы керек. «Олар қаржыландырудың негізгі көзі болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тағы бір маңызды мәселе – саланы цифрландыру. Білеміз, технологиясыз ғылым жоқ. Сондықтан…
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын. Ғылыми қызметті тиімді басқару және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – маңыздың міндеттің бірі. Сол себепті осы саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыру керек. IT-саласындағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, Қазақстан ғылымының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға тиіспіз.
Салтанатты жиында Президент референдумға да арнайы тоқталды. «Реформа президенттік өкілеттікті қайта бастау үшін жасалған қадам емес, бұл – болашағымызды айқындайтын жауапты сәт», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да.
Ғалымдар менің ісім зерттеу деп қоғамдық істерден қол үзбеуі керек. Елдің руханиятына да баса мән бергені жөн. Мемлекет басшысы кіл марқасқа академиктерді осыған шақырды. Жас буынның тәрбиесіне жауапты болуға үндеді. Әйтпесе шектен шыққан жастарды көріп жүрміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікір айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз – қастерлі тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес».
Атақты академиктің салмақты сөзін тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым ордасының ішінде орналасқан Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейіне барды. Қаныш Имантайұлы Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті болып еді.
Ғалымның жұмыс бөлмесінде жеке заттары, құжаттарының түпнұсқалары, ғылыми және қоғамдық жұмысына қатысты материалдары қаз қалпында тұр. Президент әрбірімен жіті танысып шықты.
Алматыға сапары барысында Мемлекет басшысы ілім-ғылымның тағы бір ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де соқты. Алдымен оқу орнының мұражайын аралады. Кейін университеттің ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларының көрмесін тамашалады. Соның бірі – жүрек талмасы мен қан тамырлары ауруын емдеуге арналған технология.
Университетте 26 мың студент бар. Бірақ жатақханамен алты мыңы ғана қамтылған. Енді қарашаңырақтың инфрақұрылымы кеңейтілмек. Жаңадан оқу корпустары мен жатақханалар және қызметтік үй бой көтереді.
Оқу орнын аралаған Мемлекет басшысына ресейлік ұлттық ядролық зерттеу университеті де таныстырылды. Жуырда Қазақ ұлттық университетінің базасында ядролық энергетика, фармацевтика, медицина және экономика саласы бойынша мамандар даярлайтын Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалын ашу жөніндегі келісімге қол қойылған еді. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев жас оқытушылармен, ғалым және студенттермен әңгіме өрбітті.
Мемлекет басшысы болған тағы бір нысан – Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты. Бұл – институттың заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа ғимараты. Өзін-өзі сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етіп отыр. Бірнеше бағытта жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұнаймен ластанған топырақтан кірпіш шығармақ. Мұндай жоба әзірге елде жоқ.
Жалпы бұл институт итбалықты қорғаумен де көпке белгілі. Ақтауда итбалықты оңалтатын арнайы орталықтары бар. Осы кезге дейін 40 шақтысын емдеп, теңізге жіберген. Бірақ экологтар: «Мемлекеттен қолдау болмаса, бәрі бекер», - деп отыр. Тіпті Каспийде қанша итбалық барын да әлі ешкім білмейді.
Каспий итбалығы азайып кеткен деген дерек бар. Президент мұның себебін анықтап, осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізуді тапсырды. Сосын бұл өзекті мәселені өз бақылауына алатынын айтты. Хош.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев барған соңғы нысан – Алматы әуежайы. Бұл жерде жаңа халықаралық терминал салынып жатыр. Мердігерлер – Түркияның компаниясы. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион доллардан асады. Жаңа терминал салынғаннан кейін әуежайда жылына 14 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетілмек.
Мемлекет басшысы Алматы әуежайы еліміз үшін маңызды стратегиялық нысан және Қазақстанның әуе қақпасы екенін атап өтті. Сосын терминал: «Ең озық технологиямен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай болуы керек», - деді. Ең бастысы, барлық жұмыс уақытында аяқталуға тиіс.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Халықаралық терминалдың құрылысы биыл ғана басталды. 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сол кезде жолаушылар ағыны 2 есе ұлғаймақ.