Қ. Тоқаевтың төрағалығымен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті
Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Жиынға арқау болған тақырып – ел экономикасын декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздеріне көшу.
Риат Шони, тілші:
- Баламалы қуат көздерін пайдалануда Қазақстан алдына үлкен мақсат құрып отыр. 2030 жылға қарай еліміздің энергия балансында «жасыл» энергияның үлесі 15% жетуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 3,6% төңірегінде. Ал 2060 жалға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына жетуі тиіс.
2017 жылы еліміз ЭКСПО көрмесін өткізіп, «жасыл» энергия саласындағы отандық және де әлемдік тың тәжірибелерді көрсетті, озығын қолданысқа алды.
Осы маңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Тақырып орналасқан территорияға сай – жаңартылатын энергия көздеріне көшу және экономиканы декорбонизациялау. Шетелдік қалталы азаматтарды бесжұлдызды қонақүйде қабылдауынан-ақ Президент шараның «5» деген бағада өтуінен үмітті екенін түсінуге болады.
Еліміз алдына қойған міндеттеріне жетуі үшін Еуропа қайта құру және даму банкі 2025 жылға дейін қуаттылығы кем дегенде 2 ГВт болатын баламалы энергия көздерін салуды кеңес етіп отыр. Бұл ескі табиғи ресурстардан жаңасына көшуге мүмкіндік бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің мақсатымыз – инновацияларды дамыту және еліміздегі адам капиталының деңгейін арттыру. Шетелдік инвесторлар кеңесі бұл жерде, әсіресе өзара тиімді шешімдерді табу және ынтымақтастықтың өзекті бағыттары жөнінде тәжірибе алмасу тұрғысынан өзіне тиісті рөлін атқаруы керек деп есептеймін. Үкімет осы кеңеспен бірлесе отырып, аталған мәселелерді шешудің нақты шараларын талдап, әзірлеуі қажет
Қыста көмір жағып, ауаны ластайтын жылу электр орталықтарын бәріміз білеміз. Ірі қалаларда бұл проблема өте күрделі. Бұл мәселені шешу үшін ауқымды жобалардың бірі Алматы қаласында жүзеге асырылмақ.
Одиль Рено-Бассо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:
- Біз Алматы қаласындағы жылу электр орталығын көмірден газға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ауаға тарайтын зиянды заттарды 30% азайтады. Енді биыл осы жылдың соңына дейін келісімге қол қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Жоба құны 100 млн доллардан асады. Оны тек біздің ғана емес, өзге де инвесторлар қаржыландырады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 3 млрд тоннаға жуық көмір өндіріпті. Қазір бұл салада 30 мыңға жуық адам еңбек етеді. Егер еліміз көмір жағуды қысқартатын болса, бұл отын түрін өндіру де қысқартылатыны анық. Ал осы саладағы мамандар жұмымыссыз қалмай ма?
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Газға көшу біртіндеп жүреді. Көмір өндіру өз алдына жұмыс істей беруі де мүмкін.
Келер жылы көгілдір отын тапшылығы сезіле бастайды. Еліміз көмірден газға өтуі үшін бұл отын түрінің көлемін арттыру қажет. Осы ретте Президент газ экспортына қарағанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтты. Үкіметке «Теңіз» кен орнының акционерлерімен бірлесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырды.
Жиын соңында Президент парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытын қайта қарауды жеделдету қажет екенін айтты. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс.
Мемлекет басшысы экономиканың экспортқа бағытталған секторларына арналған квоталарды ақылы түрде бөлуге кезең-кезеңімен көшу қажет екенін де атап өтті. Президенттің пікірінше, квота саудасының отандық жүйесі парниктік газ қалдықтарын өлшеу және тексеру бойынша сенімді деректерге негізделуі керек. Ал іс жүзінде газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдар берілген есептерді қашықтан куәландырып, қондырғылар орнатылған операторлық учаскелерге бармайды. Сондықтан Президент есептердің дұрыстығы күмән тудыратынын айтып, Үкіметке парниктік газ қалдықтарын тексеріп, анықтайтын органдардың жауапкершілігі мен құзыретін күшейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев, Алмас Омарғалиев