Қ. Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды
Оның алғашқы отырысы Ұлытауда өтеді. Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органға 117 адам мүше болды. Олардың қатарында математик ғалым Асқар Жұмаділдаев, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төарағасы Берік Уәли де бар. Ұлттық құрылтай қаузайтын негізгі мәселелер жалпыұлттық құндылықтар арқылы қоғамның бірігуін арттыру болмақ.
Үш жыл жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін абыроймен атқарды. Қордаланған мәселелер жоғары мінберден айтылып, әлеуметтік мәселелердің кей бөлігі шешілді. Енді осы кеңеске мүше болғандардың біразы Ұлттық құрылтайдың құрамына енді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын аяқтады. Дегенмен оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірді. Мемлекет басшысы жаңа құрылым жайында алғаш рет наурыздағы Жолдауында мәлімдеген болатын. Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Ұлттық құрылтай қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналуды мақсат тұтады.
Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық мәселелер төңірегінде пікірталастар болса, Ұлттық құрылтай көтеретін проблемалар негізінен жалпыұлттық құндылықтар арқылы қоғамның бірігуін арттыру болмақ. Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органға 117 отандасымыз мүше болып енді. Олардың дені – белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері мен сарапшылар. Ереже бойынша Ұлттық құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен ротация жүргізу тәртібімен жаңартылып тұрады.
Қанат Әуесбай:
- Құрылтай құрамы қоғамға қозғау сала білетін азаматтық қоғам белсенділері мен елтұтқа азаматтардан құралыпты. Аузы дуалы ақсақал аға буын мен сөзі алымды, пікірі шалымды орта буынның белді өкілдерінің басы қосылатынын байқадық. Демек, салалық аспект де қамтылып отыр, әркімнің мүддесі ескерілді. Құрылтай жұмысына жастар көшбасшылары мен қоғам белсенділері де тартылыпты. Сондықтан жас жағынан алғанда аға буын, орта буын және жас буынның түрлі мүддесі ескеріліп отыр.
Құрылтай құрамына кіргендердің бірі – «Қазақстан волонтерлері лигасы» қоғамдық қорының төрағасы Айсұлу Ерниязова. Қазіргі күрделі кезеңде өзіміздің ұлттық идеямызды сақтап қалу аса маңызды. «Сондықтан барлығымыз бір идея аясында біріккеніміз маңызды», – дейді Айсұлу.
Айсұлу Ерниязова, «Қазақстан волонтерлері лигасы» қоғамдық қорының төрағасы:
- Жаңа әлемге, Жаңа Қазақстанға қадам басқанда бәрімізге ең біріншіден ынтымақтастық керек. Осы Құрылтайдың ең маңызды талабы – ол жаңа ұлттық идеясын құру, халқымызды біріктіру және де халқымыздың әл-ауқатын, жағдайын көтеру. Сондықтан біз үшін бұл – үлкен сенім мен жауапкершілік.
Жалпы Ұлттық құрылтайдың отырысы жылына кем дегенде бір рет өтуі тиіс. Ал қажеттігіне қарай одан көп рет жиналуға тыйым жоқ. Алғашқы жиын ұлт ұясы Ұлытауда 16 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді деп жоспарланған.
Осыдан тура үш жыл бұрын Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз қызметін аяқтады. Кеңестің бас-аяғы алты отырысы өтті. Сол отырыстарда айтылған ұсыныстардан 27 заң дайындалып, күшіне енді, тағы 12-сі қазір Мәжілістің қарауында жатыр. «Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі кейбір партияларға бергісіз жұмыс атқарды», – дейді оның мүшелері.
Айдос Сарым Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белді әрі белсенді мүшесі болды. Дикуссия десе делебесі қозып тұратын саясаткер үшін мұндай диалог алаңы өз ойын ортаға салудың тамаша мүмкіндігі еді. Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында кейбір мәселеде келісті, кейбірінде қызыл кеңірдек болып керісті де. Ең бастысы, айтқандар да, айтылғандар да жерде қалмады. Ұсыныстар заңға ұласты, ал оның мүшелері министр де, депутат та атанып жатыр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біраз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қазір министр де болып жатыр, әкім де болып жатыр, министрліктің ішіне кіріп, жұмыс істеп жатыр, кеңесші болғандар қаншама, аймақ әкімдерінің кеңесшілері болды.
Шынымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен билікке жаңа бір буын келді. Санасақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 10 мүшесі Парламент депутаты, 2-уі министр атанса, оның құрамында болған Берік Әбдіғали тұтас Ұлытау облысын басқарады. Сол Ұлытауда өтетін Ұлттық құрылтай да – осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің толысқан түрі. Әлдеқайда ауқымдырақ, бәлкім салмақтырақ.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ілия Жақановтардан, Мұхтар Шахановтардан бастап жұртқа сөзі өтімді, үлкен бір демократиялық толқынды басқарған азаматтар, мысалы, Тоқтар Әубәкіров сияқты болады деген ойдамын. Жастар жағы да жақсы қарастырылған болса керек.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де жастарды жырақ қалдырған жоқ. Оның құрамының 13% 20 мен 39 жас аралығындағы азаматтар болатын. Ал кеңестің ең жас өкілі Максим Споткай бүгінде Парламенттің Жоғары палатасында жауапты қызмет атқарады.
Максим Споткай, ҚР Парламенті Сенатының аппарат жетекшісінің орынбасары:
- Ел ағаларымен жұмыс істеу мен үшін үлкен мектеп, үлкен тәжірибе деп айтуға толық негіз бар. Мен саяси реформалар бойынша топтың мүшесі болғанмын, жалпы бұл топ өте белсенді болды.
Үш, үштің өзі күш. Өткен үш жылда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында айтылған ұсыныстар қазіргі қолданыстағы 27 заңға арқау болды, 12-сі қаралып жатыр. Президенттің үш Жарлығы, Үкіметтің 100-ден астам қаулысы, министрліктердің 30-дан астам бұйрықтары. Ең бастысы, халық Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің пайдасын көрді.
Талғат Қалиев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:
- Талай азаматтарға жағымды болған бір сұрақ – ол зейнетақы жинақтарын пайдалану. Көп қазақстандықтар үй алды, несиелерін жапты, емделуге жұмсады.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің гендерлік құрамын да айта өтпеске болмас. Айман Омарова, Айгүл Орынбек, Бану Нұрғазиева секілді белсенді нәзік жандылар үлесі аз демесең, үн айтты. Айтпақшы, Президент жария еткен Ұлттық құрылтайдың жаңа құрамындағы 117 адамның 26-сы, яғни 22% – қыз-келіншектер қауымынан.