Ұлытауда Қ. Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді
Жұртымыз үшін бағзыдан қасиетті саналған қоныста Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Елдік мәселе талқыға түсетін алқалы мәжіліске бұқара зор сенім артып отыр. «Қалың ел «қоғамда қордаланған проблемалар құрылтайда шешімін тапса екен», – дейді.
Қыр басында ақ шатыр. Маңына қаз қатар киіз үй тігілген. Бір кездегі тоқшылық, ит басына іркіт төгілген мамыражай шақты еске салады. Бұлайша әспеттелетін де жөні бар. Өйткені дәл осы маңда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Ұлы жиынға Мемлекет басшысы қатысады.
Қазір қарбалас. Соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Орындықтар қойылып, ансамбль сахнада әзірлігін пысықтады. Көп ұзамай, бұл маңға Мемлекет басшысы келеді.
Құрылтай өтетін алаңда ұлттың болмысы айшықталған. Сауыт-сайман, бес қару, тазы мен қыран. Бәрі де көшпенді һәм жауынгер халық екенімізді сипаттап тұр.
Жә, енді Ұлттық құрылтай хақында. Ұлы жиын Жошы Хан мазарының маңында өтеді. Бұл – Ұлытаудың баурайы. Қазақ даласының қақ ортасы. Әрі беріден соң бүкіл жер дүниенің кіндігі осы тұс. Заманында аты шыққан хандар мен қолбасшылар мәңгілік тыныс тапқан мекен. Ел тағдыры шешілген жиындар кезінде осы төңіректе өткені тарихтан мәлім. Сондықтан Ұлытау – қаймана қазаққа қастерлі қоныс. Тарихшылардың пікірінше, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын дәл осы топырақта өткізуі бекер емес.
Жамаладен Ибрагимов. тарихшы:
- Халқына жаны ашыған, еліне, жеріне жаны ашыған қазақтың ел басқарған көшбасшылары кеңес жасап отырған. Сондықтан да осы Ұлттық құрылтай бүгінде қазақ елінің, қазақ халқының әл-ауқатын көтеруге арналған, қазақтың болашақ өмір сүру құндылықтарына бағытталған үлкен келелі жиналыс болғандықтан Ұлттық құрылтайдың алғашқы мәжілісін осы киелі Ұлытау жерінде жинап отыр. Енді деректерде өте көп қой, үш жүздің басын қосқан Ұлытау деп айтады. Қазақ мемлекеттілігінің алтын баспалдақтары салынған Ұлытау деп айтады. Мемлекет басшыларының табаны тиген, аттарының тұяқтарының ізі қалған жер ол дегенмен де біздің қазақ халқына үлкен рух береді деп ойлаймыз.
Бақытжан Көпбаев, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі:
- Құрылтай дегеніміз – бұл көшпелі өркениеттің заңды далалық институттың қазіргі тілмен түсіндіретін болсақ, көпшілік болып шешетін кейбір мәселелердің қарастырылуы. Қазақ даласы қашан да қандай да бір мәселені ашықтықпен шешіп отырған. Оған куә далалық билер институтының негізі болып табылады. Ал осы ұлттық кеңестің негізі сол билер институтының негізінде қалыптасқан жағдай болып қалуы қажет.
Құрылтай турасында әлі ақпар таратамыз. Енді Жезқазғанның жайын айтайық. Қалада шешілуге тиіс мәселе жетіп артылады.
Қорған Қонысбайұлы,тілші:
- Қойнауы қазынаға толы Жезқазған 1954 жылы қала мәртебесін алып, 1973 жылы облыс орталығы атанды. Содан шаруасы дөңгелеп, тасы өрге домалады. Ал 1997 жылы Жезқазған облысы Қарағандыға қосылды. Жезқазған мен Қарағанды арасы 520 шақырым. Шалғайда жатқан өңірдің 25 жылда шаруасы мандымай қойды. Өңі қашып, сұрқы кетті.
10 адаммен тілдессек, дені бірінші суды айтты. Айтатындай-ақ. Жезғандықтардың жартысы тіршілік нәрін осы күні Кеңгір қоймасынан алып отыр. Ондағы су гидроцех арқылы тазартылып береді. Бірақ көлге қардың суы аз келген жылдары ішуге жарамайды. Енді халық жаңа әкімге үміт артады.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Қазір 16 млрд-қа жуық қаражат керек. Осы «Айдос итос» деген жерасты суы бар. Соны қалаға тартуға тырысамыз. Жақында ғана бітті. Биылдан бастап Үкіметтен қаражат сұраймыз. Ол бәрібір де бір жылда біте қоймас. Осы 2023-2024 жылдары сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын.
Қалада жаңа үй аз. Көбі 1960 жылдары салынған. Мектеп пен ауруханалар керек. Әкім құрылыс қызады деп отыр. Өзекті болған және бір мәселе – Жезқазғанның ішкі жолдары.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Біз өзіміздің табысымызбен, өзіміздің өнімімізбен ішкі жолдарға жұмыс істейміз. Ең бастысы, бізге республикалық жолдарды жөндесе, ішкі жолдарды өз күшімізбен шешерміз.
Әкім Ұлытау облысы арқылы өтетін республикалық жолдарды да жаңартамыз деп отыр. Бірінші Қызылорда мен Жезқазған арасында жол салынады. Бұл бағытта жұмыс басталған. Бірақ материал қымбаттап кетіп, құрылыс тоқтапты. «Көп ұзатпай, құрылысты жалғастыруға күш саламыз», – деді өңір басшысы. Одан бөлек, Ұлытау мен Арқалық арасында тасжол пайда болмақ. Айта берсек, жаңа әкімнің Ұлытау өңірін дамытуға қатысты жоспары көп. Біразын Президентке баяндауға дайын отыр.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Айдос Серікболұлы