Қ.Тоқаев: Ұлытау көрікті өңір боларына сенемін
Республикалық дәрежедегі жолдардың тозуы өңір экономикасының дамуын тежеп тұр. Транзиттік көлік қатынастары азайып кеткен. Бұл іскерлік белсенділіктің де төмендеуіне алып келді. Енді облыста арнайы экономикалық аймақ құру қажет. Бұл туралы өңір басшысы Берік Әбдіғали айтты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан Үйтас – Айдос су құбыры 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жезқазғанға су тарту келер жылы басталады. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көпқабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекет басшысы «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Эдуард Огайдың да баяндамасын тыңдады. Компания Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында биыл 25,4 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Президент: «Алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржы жеткіліксіз болады, бөлінетін қаражатты көбейту керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік университет, мектептер мен дене шынықтыру кешендері және филармония залы салынады. Жезқазған мен тұтас облыстың жағдайымен танысқан Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы ең алдымен жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Өңірде ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінбек. Мәселен, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 орындық интернат салу жоспарда бар. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Спорт нысанын көпфункциялды етіп салу қажет», – деді. Тек әлеуметтік, спорттық нысандар емес, тұрғын үйлер құрылысы да қолға алынбақ. Себебі қазір Жезқазғанда сатып алатын үй жоқ. Жезқазған Ұлытау облысының орталығы болғанын ескерсек, өңірде тұрғындар саны артатыны анық.