1 қазаннан бастап жедел-тергеу қызметкерлерінің жалақысы өседі
«Мемлекет тарапынан мұндай қолдау үзілмейді», – деді Президент. Тек құқық қорғау қызметкерлері ел қауіпсіздігінде қырағы болса болды. Ол үшін заңды белден басатын адамдардың тәртіп бұзуына жол бермей, халықтың сенімін қайтару қажет.
Ел тұрғындарын телефон алаяқтары титықтатып тұр. Олар үшін мұның түк қиындығы жоқ. Интернеттегі қосымшалар арқылы нөмірін өзгертеді. Қоңырау шалады, алдайды, арбайды, ақшасын алады. Мұндай қоңыраудың 1 минуты 100 теңге тұрса, қазақстандықтар биылғы бес айда телефон алаяқтарына 3 млрд теңгеге алданған. Ішкі істер министрлігі мұндай қоңырауларды бұғаттайтын жүйе жасап шығарды, Президентке таныстырды.
Осыдан төрт ай бұрын саланы тізгіндеген Марат Ахметжановтың айтуынша, сала өзгеріп жатыр. Басты міндет – бюрократиядан арылу, халыққа жақындау. Себебі біздің азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де төмен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн. Олардың тиімді ұсыныстарын және бастамаларын мұқият қарау қажет.
Құқық қорғау қызметі – қаупі көп қызмет. Тәуелсіздік жылдары ішінде 815 сала қызметкері қаза тапты, 4,5 мыңнан астамы жараланды. «Мемлекет саладағы сарбаздарды қолдап келді, қолдай да береді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің тапсырмам бойынша осы жылдың 1 қазанынан бастап жедел-тергеу қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылатын болады. Біз полицейлердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдауды жалғастырамыз. Құқық қорғау органдарындағы жұмыс жастар үшін тартымды және беделді болуы, қоғамда мойындалу мен құрметке ие болуы маңызды. Біз ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін көтермелеуге, бөлуге, марапаттауға тиіспіз.
Президент отандық полицияның алдында тұрған міндеттерді атады. Заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол бермеу, ел ішіне іріткі салатын жат идеологтардан арылту, тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын. Біз аналар мен балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.
«Құқық қорғау жүйесіндегі реформа жалғаса береді», – деді Президент. Жұмыс әдісі жаңа болғанмен, міндет ескі. Отандық полиция елдің қорғаушысы болуға тиіс. «Біз көзге ерекше түскен полиция қызметкерлерін көтермелеуге, бөлуге, марапаттауға тиіспіз» деген Президент бірқатар қызметкерге мемлекеттік наградалар табыс етті.