Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев
Бірақ өкінішке қарай, бұл жүйенің иісі қарапайым азаматтардың мұрнына да жетпейді. Содан болар, кей адамдардың қаржылық сауаты кемшін. Мемлекет басшысы байқаған болу керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында осыны меңзеді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қарапайым халықтың ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивидендтерін алуға мүмкіндігі болуы тиіс», – деді. Сонда азаматтардың инвестициялық мәдениеті қалыптасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстары – келесі міндет. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек.
Мемлекет басшысы криптоиндустрия мен цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр. Алайда тек қана құр шикізатпен шектеліп қалмауымыз керек. Әлеуетімізді барынша тиімді пайдалану маңызды. Бұл ретте Үкімет қаржы реттеушілерімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, кешенді цифрлық экожүйені дамытуға қолайлы жағдай жасауы қажет. Қазіргі құбылмалы жағдайды ескерген Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды теңге түріндегі тәуелсіз облигацияларға тартудың да өзектілігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ.