Мемлекет басшысы Түркістан облысына барды
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
-Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға деген ықыласы бөлек. Президент болып сайланған кезде де ең бірінші сапарын осы өлкеден бастаған. Қасиетті жерге келген сайын ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіріп шығады. Бүгін де сөйтті. Қасиетті Меккеге барған кезінде де, бүгін де ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым еткенін атап өтті. «Мұндай кезде Алладан бір-ақ тілек тілеймін. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі», —деді.
Бірлік жайында көп айтты. Қазір дәл осы тұрақтылық деген өзекті бола түсті. Төңіректегі жағдай мәз емес. Мемлекет басшысы: «Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек», — деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек.
Іргеміздегі елде болып жатқан жағдай бізге тікелей әсер етері бесенеден белгілі. Мұны көріп те жатырмыз. Ресейден жерімізге ағылып жатқандар да аз емес. Мемлекет басшысы бұл мәселеге арнайы тоқталды. Ел мүддесіне сай шешім қабылданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз.
Адамнан бөлек Ресейден көптеген компания да кетіп жатқаны мәлім. Осы сәтте әлгі компанияларға барынша жағдай жасап, өзімізге тартсақ, тиімділігін көреміз. Сондықтан Үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Өз кезегінде Ресейден біздің елге көшуге ниетті компаниялар аз емес. Соның төртеуі осы Түркістанға келмек.
Қайрат Әзімов, облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы:
-Ресейден көшіп келу мүмкіндігі бар 4 компаниямен сөйлесіп отырмыз. Жалпы олар 270-ке жуық компания ғой Ресейден көшуге, жаңағы көшу тізімінде тұрған деп айтайыншы. Соның ішінде 70-ке жуығымен Қазақстан тарапы сөйлескен. Ол Қазақстан тарапы болған соң облыс көп қой. Әрқайсы өзіне отырғызғысы келеді. Бірақ бізде Түркістан облысының мүмкіндігі қай бағытта сол бағытта инвесторларды тартамыз. 4 компаниямыз бар.
Енді осы төртеуін тарқатып айтсақ, Арыста үлкен депо бар. Соны Ресейден көшіп келетін шетелдік компания кеңейтпекші. Сөйтіп Арыста алдағы уақытта локомотив құрастырылуы мүмкін. Одан соң бельгиялық компания әйнек шығаратын кәсіпорын ашқысы келеді. Көшіп келетін үшінші компания Түркістанда сатушысыз жұмыс істейтін дүкендер желісін құруды көздеп отыр. Бұл өңірде базальттың мол қоры бар. Көрші елден келетін шетелдік төртінші компания Түркістанда осы базальтты өндіріп, өңдейтін зауыт ашпақ. Хош. Қазір Түркістанға қызыға қарайтындар көп. Қасиетті мекеннің өз алдына облыс болғанына 4 жыл. 4 жылда көне шаһардың келбеті өзгерді. Бір кезде шаңы бұрқырап жататын мына маңда әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар, әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Тұтас аудандар пайда болды. 77 мың адамға арналған көпқабатты үй салынып, 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындар ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз етілді. Жолдары да жақсарып қалған.
Ролан Ибрагимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
-Түркістан облысы құрылған кезде бұл жерде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 64% еді. Ағымдағы жылы біз 92% жеткізуді көздеп отырмыз. Келесі жылы біз мына Түркістан төңірегіндегі барлық жергілікті маңыздағы жолдардың бәрі жөндеуден өтеді деген жоспарымыз бар.
Тақтайдай жол болған соң, өңірге келетін туристер де көбейген. Мәселен, 2018 жылы облысқа 153 мың турист табан тіресе, былтыр қасиетті мекенге саяхаттап келгендердің саны 367 мыңнан асқан. 80-ге жуық қонақүй бой көтерді.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:
-Туризмнен түскен табыстың көлемі де артқанын байқауға болады. 2018 жылы 1,3 млрд табыс түскен болатын босла, ал 2021 жылдың қорытындысымен 3,8 млрд табысқа өсіп отыр. Ал 2022 жылдың алты айының қорытындысымен қазір 2,5 млрд табыс түскен.
Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған қасиетті шаһарға былтыр Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілген. Мемлекет басшысы енді осы көне шаһарды еліміздің рухани астанасы қылу міндетін қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын.
Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. 2 миллионнан астам адам тұрады. Өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. «Мемлекет бұл мәселені шешеді» — деді Президент. Соңғы жылдары 83 мектеп бой көтерген. Қазір 59-ы салынып жатыр. Бұл жақта өсім өте жоғары. Ел бойынша әрбір 7-ші сәби осы өңірде дүниеге келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Түркістанның қазіргідей кейіпке енуіне мемлекеттің бөлген қаражаты аз емес. Мына кереметтің бәрінде қыруар қаржы һәм қажырлы еңбек жатыр. Өңірдің өрісін кеңейтуге үлес қосқан бірқатар азаматты Мемлекет басшысы марапаттады. Түркістан жұртына деген алғаусыз алғысын айтты. Түркі әлемінің бойтұмары – Түркістанның қашан да орны бөлек. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы осы Түркістанда өтеді.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Жандос Битабаров, Жандос Жұмабек, Ділмұрат Сейдаханов