Президент Үкіметке газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін тапсырды
Шымкент – еліміздегі ірі қалалар сапындағы өрісін кеңге жайған, халқы шағын және орта кәсіпкерліктің көзін тапқан, экономикасы дамыған, болашағы жарқын шырайлы шаһарлардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, қала бюджеті 4 есе өскенін тілге тиек етті. Өңірде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика» аймағын кеңейту — маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Мұны тиімді пайдаланса, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Осы ретте Президент әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ 1 млн 200 мыңға жуық халқы бар шаһарды газ, су, электр желісімен қамтамасыз ету, сапалы жол салу сияқты мәселелер де назардан тыс қалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауызсу жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан екі елді мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын.