Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

Президент өзінің жуырда Бакуге жасаған сапары қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

– Елімізге келіп, саммитке қатысқаныңыз үшін алғыс айтамын. Екіжақты қарым-қатынасқа арнайы тоқталғым келеді. Бакуге сапарым кезінде көрсеткен қонақжайлығыңызға ризашылығымды білдіремін. Біздің келіссөздеріміз табысты болды және шет мемлекеттердегі саяси және экономикалық топтардың назарын аударды. Біз Әзербайжанды одақтасымыз, стратегиялық серіктесіміз деп есептейміз. Әрқашан осы бағытты ұстанамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау жөнінде үкіметтерге тапсырма берілгенін атап өтті.

– Әзербайжан өз аймағында ғана емес, кең географиялық ауқымда да маңызды рөл атқарады. Қазір күн тәртібінде «Орта дәлізді» дамыту мәселесі тұр. Біз де осы форматтағы жұмыстарды жалғастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президенттер екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара табысты іс-әрекетін, оның ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның тарихи және мәдени құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуын жоғары бағалады.

– Біз Әзербайжанның көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ауыстыру туралы айттық. Елордамызда оған лайықты орын бар деп санаймын. Мұндай орын табылды. Мен оны мақұлдадым. Ендігі мәселе уақыттың еншісінде, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев АӨСШК саммитіне шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

– Бауырлас Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Сондай-ақ өткізілген саммиттің оң нәтижелерімен құттықтағым келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мен беделі жоғары екенін көрсетеді. Ең алдымен, Гейдар Әлиұлы Әлиевті еске алып, құрмет көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздің сапарыңыздан бері біз жақсы жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткіздік, – деді Әзербайжан Президенті.

Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Дереккөз: akorda.kz