Шет мемлекеттерде дауыс беруге құқылы 12 мыңнан астам қазақстандық тұрады
53 елде 68 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Отандастарымыз дипломатиялық немесе консулдық өкілдікке барып, азаматтық борышын өтеді.
Бүкіл ел өз таңдауын жасап жатқан сын сағатта шет мемлекеттердегі қазақтар да сырт қалмады. Өзге елдердегі отандастарымыздың 60% жуығы дауыс берген. Ең бірінші болып Жапония мен Кореядағы Қазақстан азаматтары бюллетень алған. Ол жақтағы сайлау учаскелері Астана уақытымен таңғы 4-те ашылды. Сеул уақыты бойынша таңғы 7-ге ден кешке дейін дауыс бергендердің арасында бір Сенат депутаты және Алматы-Сеул рейсінің экипаж мүшелері бар.
Ал Жапонияда консулдық есепте 200 адам тіркелген. Негізінен бұл студенттер, докторанттар және Жапония компанияларының жұмысшылары. Ең бірінші болып дауыс бергендердің бірі қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау. Ол Токиода іссапармен жүр.
Француз еліндегі қазақстандықтар да белсенділік танытты. Олардың тең жартысы осы күні Парижге демалып барған саяхатшылар. Қалғандары оқуға келген, қызмет бабымен жүргендер. Дауыс беру учаскесі ашылған еліміздің консулдық өкілдігі Елисей алаңынан екі аттам жерде орналасқан. Франция астанасынан алыстау қалалардан да арнайы келіп дауыс бергендер болғаны қуантады.
Ал өз айналамыздағы Өзбекстандағы сайлау учаскесінде 600-ден астам отандасымыз дауыс берді. Келушілер арасында Өзбекстанда білім алып жүрген студенттер, зейнеткерлер, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген отандық спортшылар да бар. Ташкенттегі сайлау учаскесінің жұмысын ТМД парламенттік ассамблеясының өкілдері бақылады. Олар «байқаушылар назарын аударарлық ешбір заңбұзушылық тіркелмеді», — дейді.
Бауырлас Түркияның Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларында аса ерекше белсінділік байқалған. Анадолы жұртының астанасындағы сайлау учаскесіне елшілікке қарасты 20 провинцияда тұратын қазақтар барып дауыс берген. Отандастарымыз ол жерде кәсібін дөңгелентіп, оқу және жұмыс бабымен жүр. Бауырлас елде сайлау той іспетті өтті. Шалғай шаһарлардан келген жұртты, дипломаттар палау басып, ыстық сорпамен қарсы алды.