Мәжілістегі Үкімет сағатында әлеуметтік кодекс жобасы таныстырылды
Мұның алдында азаматтардың әл-ауқатын анықтау бойынша талдау жасалыпты. Оған сәйкес қазір елімізде 1 млн 200 мың отбасының жағдайы мүшкіл. Жалпы ахуалды түзету үшін үкімет бірқатар жаңашылдықты ұсынып жатыр. Ең алдымен жалақы мөлшерін қайта қарау. Бала күтіміне берілетін төлемді 1,5 жасқа дейін арттыру. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгеретін болыпты. Оған қоса такси, курьер сынды қызметпен айналысатындарға компания есебінен зейнетақы мен әлеуметтік төлем жасау көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, осы арқылы ол азаматтардың медициналық қызметтерді алуы, еңбек демалысына шығуы, жәрдемақыны рәсімдеуі жеңілдейді.
Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Еуропа мен Азия елдерінің тәжрибесін зерттеп осындай жүйені енгізу керек деген ұйғарым жасадық. Олар онлайн платформаларға түскен табыстарынан белгілі пайыз беріп отыр. Төлем сол ақшаның есебінен аударылады. Бұған операторлар жауапты болады. Жүргізуші мен курьерге ондай міндеттеме жүктелмейді. Осы арқылы олар өз статусын бекітеді және әлеуметтік төлемдер мен қызметтерді пайдалануға мүмкіндік алады.