Президент Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барады
Әрі тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырады. Қазір қазақ президентінің бұл сапарына ресми Ташкент тыңғылықты дайындалып жатыр.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Өзбек жұрты туысын алыс сапарға шығарып саларда «Досың қазақ болсын» деп бата береді. Қазақ халқының досқа адалдығын қатты құрмейттейді. Ал бауырлас елді қазақ «өз ағам» деп сыйлайды. Осы сыйластыққа сызат түскен емес. Екі жұрттың, оның басшыларының да бір-біріне деген ықыласы ыстық. Бұған дәлел 2019 жылы президент болып сайланғанда да, осы жолы да Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапарын өзге емес, Өзбекстанға арнады.
Қазақ басшысының мемлекеттік сапарына Ташкентте дайындық қызу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне әуелі өзбектер мүдделі. Себебі алашапанды ағайын негізгі серіктесі саналатын Қазақстанмен көлік дәлізін дамытқысы келеді.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
- Қазақстан Өзбекстанның сыртқы саудадағы ең ірі үш серіктесінің бірі. Біздің елді Ресеймен және Еуропамен байланыстыратын автомагистраль мен теміржолдың бәрі Қазақстанның территориясы арқылы өтеді. Енді біз шығыс пен оңтүстікке жол ашатын өзге де бағыттарды дамытуды жоспарлап отырмыз. Екі президенттің кездесуінде осы мәселе қаралады деп ойлаймын.
Қазақ пен өзбек арасында жүк керуені тоқтаған емес. Арадағы тауар айналымы биылғы 9 айда шамамен 3,5 млрд доллар болды. Бұл сан былтырғы кезеңмен салыстырғанда 33% көп. Біздің елден Өзбекстанға негізінен бидай, ұн, темір бұйымдары, көлік, мұнай өнімдері кетеді. Қазақ та өзбектен көлік сатып алады. Одан бөлек, жеміс-көкөніс, кірпіш, қыш бұйымын, тыңайтқыш импорттаймыз. Енді ағайынды екі ел алып-сатумен шектелмей, бірлескен жобаларға басымдық бермек.
Анвар Насыров, Орталық Азия институтының директоры:
- Біз автомобиль өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тұрмыстық техникада бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастадық. Осының барлығы халықаралық қауымдастықтың назарын аударады. Әрі екі тарап халықаралық алаңдарда бір-бірінің бастамаларына зор қолдау білдіріп, ортақ ұстанымдарды алға тарта бастадық.
Тоқаев пен Мирзиеевтің арасындағы тығыз диалогқа мына деталь дәлел. Тек осы жылы екі президент телефон арқылы 12 рет сөйлескен. Қыркүйектен бері 4 рет кездесті.
Фарход Талипов, саясаттанушы:
- Екі президенттің өзара байланысы әлемдік нарықтарға шығу тұрғысынан қарқын алды деп айтуға болады. Украинадағы жағдайдан соң қазір екі мемлекет те көлік бағыттарын әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Тіпті бұл тақырыпты Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саясатының күн тәртібінде тұр деуге болады.
Соның бірі Ауғанстан бағыты. Ауған жері арқылы теміржол салып, Пәкістанға шығуға болады. Бұған қазақ та, ауғанмен шекараласып жатқан өзбек те мүдделі. Әйтпесе қазір Пәкістанға шығуға мүмкіндік аз. Сапар кезінде бұл мәселе де қаралмақ. Ақорданың ақпараты бойынша екі Президент сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылайды. Екіжақты шарт пен келісімге қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Ділмұрат Сейдаханов