18 ақпанда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталады
Енді тура екі аптадан соң, яғни, 18 ақпанда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталады. Апта басынан бері елдегі бірнеше партия съезд өткізіп, өз арасынан мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына түсетін кандидаттарды анықтады. Олар Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ» пен «Ауыл» партиялары. Алдағы аптада өзге партиялар да өз кандидаттарының тізімін жариялауы мүмкін.
Жалпы осы сайлау туралы әңгіме басталғалы бері біз көбінесе Мәжіліске баса мән береміз де, ал мәслихаттың мәртебесі көлеңкеде қалып қойып жатқандай көрінеді. Себебі біздің халық депутат деген түсінікті әуелі Парламенттің төменгі палатасымен байланыстырып жатады. Содан да болар, облыс, қала мен аудандардағы мәслихат депутаттары көп елене бермейді. Олардың есімі де екінің бірінің есінде жоқ. Ал нағыз байыбына барсақ, мәслихат дегеніміз — жергілікті билікті «бүріп ұстайтын», жұртпен етене-жақын жұмыс жасайтын қуатты құрал.
Орайы келген соң айтайық, биыл біздегі мәслихаттар институтының қалыптасқанына — 30 жыл. 1993 жылы 9 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заң қабылданып, өңірлік парламентаризмнің негізі қаланды. Сөйтіп облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің орнын жаңа құрылған өкілді органдар мәслихаттар басты. Содан бері мәслихат депутаттары жергілікті халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өңірлерді өркендетудің жоба-жоспары мен бюджетін бекітіп, орындалуын қадағалап, қал-қадірінше қызмет атқарып келеді. Жергілікті атқамінердің атқарғанын бақылап, керек десеңіз оларды тағайындауға келісім береу де осы мәслихаттардың қолында. Алайда біздегі мәслихаттар әкім-қаралардың ығына оңай жығылатын «қалаулылардың» қатарынан дейтін де сын жоқ емес. Себебі олар да Мәжіліс депутаттары сияқты партиялық тізіммен іріктеліп келді. Енді міне, мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі арқылы жасақталмақ.
Отандық мәслихатқа алғашқы сайлау 1994 жылы өтіпті. Содан бері жеті сайлау, соңғысы 2021 жылдың қаңтарында болған. Нәтижесінде, ел бойынша 216 мәслихат жасақталып, 3 мыңнан аса депутат жұмысын бастады. Мәслихатты жергілікті Парламент деп түсінсек, бұл әлеуетті күш әлеуметтің базынасын тыңдап, тиісті шешімдер шығара алды ма? Міне осы сұраққа жауап іздеп бірнеше саясаттанушының алдына бардық. Жалпы мәслихаттың ісіне талдау жасағандар аз, жоқтың қасы.
Ермек Тоқтаров, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
-Біздің институттың зерттеулері ай сайын, кейде апта сайын жүргізіледі. Бірақ олар әрине жабық түрде жүргізіледі. Оның нәтижелерін кейде жариялаймыз, қазіргі уақытта жариялайтын нәтиже жоқ.
Мәслихаттың жұмысына баға беретін халық. Себебі жер-жердегі жұрттың үнін әуелі солар естиді, тыңдайды. Осыны ескеріп, бірнеше өңір жұртына сауал тастадық.
Жергілікті тұрғындардың жарыса «жоқ» деген жауабына Астана қалалық мәслихатының VII шақырылым депутаты Ләззат Разбекова разы емес. «Менің сайлаушыларым мені таниды» деген сенімін жеткізді. Соңғы екі жылда белсенді болған, тіпті әлеуметтік желідегі сұрақтарды жауапсыз қалдырмапты.
Ләззат Разбекова, Астана қалалық мәслихатының VII шақырылым депутаты:
-Жалпы депутаттардың ешқайсысын халық білмейді деп айтуға болмайды. Әр депутаттың кәсіби біліктілігі, тұлғалық болмысы әрқалай, сондықтан әр депутаттың өз деңгейінде жұмыс жасайды.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
-Белсенді жұмыс істеген депутаттар да болды. Халықтың, жергілікті жерге барып, халықпен кездесіп, мәселені шешкендер не болмаса бір сол партиялық тізіммен өткеннен кейін халық танымайтын ауылдық жерлерге бармаған депутаттар да болды.
Мәслихат депутаттары жалақы алмайды, яғни бұл қоғамдық жұмыс саналады. Дегенмен осы жалақысы жоқ жұмысқа жергілікті жерде талас көп. Себебі қай деңгейде болмасын депутат атану — дәреже. Отандық саясаттанушылардың дені мәслихат депутаттарын әкімдіктің айтқанынан аса алмайтыныны үшін айыптайды. Мұны да түсінуге болады, бұған дейін облыс әкімдерді жергілікті партияның басшысы болды. Сондықтан сол партия атынан сайланған депутаттар әкімдіктің сөзіне бас шұлғудан ары аса алмайтын.
Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы:
-Иә, мысалға қазіргі кезде, біз, таратылған маслихат депутаттарын мысал ретінде айта кететін болсақ, бұлар есеп беріп жатқандар өте аз. Не істеді екі жылдың ішінде, мысалы, сайланған, қандай іспен айналысты, қандай сауал жолдады, не бітірді жалпы депутат болып олтырған уақытта?! Осындай есептер өте аз, жалпылама сөздер.
Жалпылама сөз дегенмен келіспейтін депутаттар бар десек, соның бірі – Жамбыл облысы мәслихатының бұрынғы хатшысы Махметғали Сарыбеков. Оның сөзінше тұрғындардың талап-тілектерін ескерілген, жергілікті биілікке ұсыныстар жиі айтылған. Соның нәтижесінде кейбір мәселелер шешімін тапқан. Нақтырақ айтсақ, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға көп күш салған.
Махметғали Сарыбеков, VII шақырылымдағы облыс мәслихатының хатшысы:
-Мінекей депутаттар осы бағытта көп жұмыс жасадық, мысалы, егіндік жерлерді және жайылым жерлерді тиімсіз пайдаланбай жатқандарды қайтадан мемлекетке қайтарып, қажетті шаруаларға беру туралы. Екінші үлкен мәселе енді мынау суға да байланысты, одан кейін жанармайға да байланысты. Ол мәселелерді де біз жиі-жиі биліктің алдында қойып отырдық.
Биліктің алдына мәселе қоятын құзыретті мәслихат құру. Жиі айтылғанмен, орындалмай келе жатқан бір міндет.
1990 жылдан бері тоқырауға ұшыраған мәслихаттың мәнін келтіретін кез туды ма? Саясаттанушылардың сенімі мынадай.
Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы:
-Мажоритарлық жүйе жаңағы тікелей халықпен жұмыс істеуінде, яғни, пропорционалды жүйеде арасында партия тұрады ғой. Партияға біз бірінші хабарласуымыз керек, партия арқылы реттелетін болса мажолитарлық жүйеде сайлаушы, яғни халық, тұрғындар тікелей өздерінің тікелей сайлаған депутатымен тікелей байланыс алады. Ол қоғамдық кездесулер өткізеді, өзінің мәселелерін тікелей ауылдың, кенттің мәселесін тікелей өзінің сайлаған депутатына көрсете алады.
Орталық сайлау комиссиясының таратқан ақпаратына сай, еліміз бойынша 223 мәслихат болса, мандат саны — 3415. Қазіргі уақытта өңірлерде депутаттыққа үміткерлер ұсыныстарын беріп жатыр. Осы уақытқа дейін қанша азамат өтініш білдіргенін айту әлі ертерек. «Нақты саны екі аптадан соң анықталады», — дейді Орталық сайлау комиссиясы.
Әшім Бердібеков, ҚР ОСК бөлім меңгерушісінің орынбасары:
-Қазір кандидаттар өздерін ұсынып жатқан этап болып жатыр. Сондықтан цифрды айта алмаймыз қазір. Жаңа этап 18 ақпаннан кейін белгілі болады.
Ұсыныс беру 8 ақпанға дейін жалғасады. Мамандар әлі уақыт бар екенін айтып отыр, басты талап мәслихат депутаттығына үміткерлер болатын кандидаттар міндетті түрде ел азаматы болуы және жасы 20-дан асқан болуы шарт.
Руслан Ақмағанбет, саясаттанушы:
-Енді саяси процестерде бір уақыт шеңберінде біз жетеміз, бір уақытта жетпейміз деп екі кесіп айтуға болмайды. Мысалы, бір мемлекеттер бар 20-30 жылда жетіп кеткен, тарихта бір мемлекеттер бар 2 ғасыр 200 жыл жете алмай жүрген. Мәселен, Оңтүстік Корея 30 жылда жетті.. Ол жерде көп фактор бар, сауаттылық бар, белсенділік бар, нақты шынайы жұмыс жасау деген бар. Осының бәрі қосылған кезде ол нәтижесін береді.
Нәтижесін ел көрсе деген тілек бір. Ал сайлау жақындап келеді.
Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Азамат Сәметов