ҚР СІМ: Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқан қазақстандықтар жоқ
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Айтуынша, табиғат апатынан зардап шеккен аумақтарда қалған отандастарымыз жайлы әзірге ақпарат жоқ. Дегенмен бұл соңғы әрі нақты мәлімет емес. Себебі жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Астана уақытымен 15:00-ге дейін Қазақстанның Түркиядағы елшілігінен келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматтары хабарласқан ақпарат жоқ. Қазіргі таңда консул Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасымен тікелей байланыста. Қаза болғандар мен зардап шеккендер арасынан Қазақстан азаматтары табылған жоқ.