ҚР СІМ: Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты жедел желі ашылды
Құтқарушыларды жеткізген борт қайтар жолда сонда жүрген 16 отандасымызды ала келмек. Жалпы Түркияның қауіпті аймақтарында қалған қазақстандықтарға елге қайту үшін көмек көрсетіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде ол жақта оқып жатқан бірқатар студент отанға оралуға ниет білдірген. Атап айтсақ, түнде Мерсин қаласында оқып жүрген 19 студент Анкара-Астана әуе рейсімен Қазақстанға келеді. Сондай-ақ Адана қаласында білім алып жатқан 16 қазақстандық шәкірт Стамбулға жеткізілген. Жалпы бауырлас елде біздің 8 мыңнан астам жас тәлім алып жүр.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлаймыз. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпараты болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне жоғарыда көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз.