Қазақстан мен Қырғызстан шекара өкілдерінің жұмысын реттейтін болады
Сенатта қазақ-қырғыз шекарасындағы құқықтық қатынасты реттеуге және екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған заң мақұлданды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдыжұмановтың айтуынша, көршілес елмен шекарада бір жылда 34 тосын оқиға тіркелген. Оның 28-і үй жануарларына қатысты жайт. Үш рет дала өрті шекарадан Қазақстан аумағын шарпыған. Сонымен қатар 3 ұшқышсыз аппараттың еліміздің әуе кеңістігіне өткені тіркелген. Қазақ-Қырғыз мемлекеттік шекарасының үш қызмет учаскесін шекара өкілдері бақылайды. Бұл Алматы, Қордай, Тараз учаскілері.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту екі мемлекет үшін де айрықша мәнге ие. Осы ретте мақұлданған заңның маңызы зор. Сондықтан бұл хаттаманы серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп қабылдаймыз.