ҚХП еңбек ұжымдарымен кездесті
Елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғаларының салдарынан орта есеппен 2 мың адам қаза табады. Бұл — өте үлкен шығын. Осы мәселеге қоғам назарын аударту үшін Қазақстан Халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында автошеру өткізді. Саяси ұйымның символикасы мен тулары ілінген көліктер легі елорданың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Сол жағалаудан басталған шара орталық саябақ маңында аяқталды. Ал партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастаған келесі топ Қарағанды облысына барып, металлургтер, құрылысшылар және шағын орта бизнес өкілдерімен кездесті. Ұйым атынан мәжіліс депутаттығына 66, мәслихаттарға 500-дей үміткер қатысып жатыр. Кандидаттар жиында партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып негізгі бастамалары мен мақсат-міндеттері туралы баяндады.
Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ төрағасы:
-Кәсіподақ жетекшілері, металлургтер, осы саладағы қарапайым жұмысшылармен кездестік. Оларға өзіміздің идеямызды, тұғырнамада қамтылған басым бағыттарды таныстырдық. Басқосу барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп саланы дамыту жолдары туралы пікір алыстық.