Елімізде 1 миллионнан астам адам банкке берешек
Олардың қарыз сомасы 1 триллион теңгеден асып кеткен. Ең қиыны тұтынушылық несие алатындар азаяр емес. «Сондықтан кредитті беруде біраз шектеу болу керек», – дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Сенат отырысында банкроттық туралы заңға байланысты ілеспе заңдарға бірқатар өзгерістер енгізу керектігі талқыланды. Спикердің сөзінше, банктер клиенттердің төлем қабілетін мұқият тексеру керек. Олай болмаған жағдайда келешекте өзін банкротпын деп жариялайтындар көбейіп кетуі мүмкін. Айта кетейін, банкроттық туралы заң биыл наурыз айында күшіне енеді. Жиында сондай-ақ «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы», «Әскери полиция туралы» Заңдар мен «Салық кодексіне» бірқатар өзгеріс енгізілді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір біз тұтынушылық несие алатындардың қатары көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша осындай несиелер беру 25% артып, 7,7 трлн теңгеге жеткен. Сондықтан алдағы уақытта кепілсіз несие алатындарға заңнамалық тұрғыда бірқатар шектеу қойып, банктердің тексерісін күшейту керек деп ойлаймын. Себебі ертең олардың да біразы өздерін банкротпын деп жариялайтын болса, бұның экономикалық та, әлеуметтік те салдары орасан болуы мүмкін.