«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Түркістанға ат басын тіреді
Республикалық штаб басшылығы Түлкібас ауданындағы бірқатар елді мекендерде болып, ауылдағы ағайынмен жүздесті. Әуелі Түлкібас кентіндегі мектепте ұстаздармен кездесу өткізді. Одан кейін Рысқұлов және Қожанберді ауылдарында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Жасыл желегі жайқалған Түлкібас ауданында экологиялық проблемалар аз емес. Партия белсенділері қордаланған мәселелерге қанығып, оның шешу жолдарына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Еркін диалог барысында жиналғандарға алдағы саяси науқанның маңыздылығы да кеңінен түсіндірілді. Айта кетейік, алдағы сайлауда облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына 18 кандидат ұсынылып отыр.
Қайрат Айтбай, «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:
-Елді мекендердің жалпы айтқанда сайлауға дайындығы жоғары деп айтуға болады. Неге десеңіз, жергілікті биліктің оған жағдай жасағаны көрініп тұр. Алдымызда келе жатқан сайлау жоғарғы деңгейде, ұйымдасқан деңгейде, саяси деңгейде өтеді деген ниеттеміз. Оны бір ауылдан бір ауылға көшіп, бір штабтан бір штабта жұмысымен танысып жатқанда көзіміз жетіп отырғаны сол.