Хабар телеарнасы

Енді жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жауапкершілік күшейтіледі

Оларға 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Тиісті заң жобасы Сенатта қаралды. Сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған кісі өлтіру мен бандитизм үшін де жауапкершілік күшейтіледі. Мұндай адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі берілмейді. Бұл туралы құжат жобасымен таныстырған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты. Бұдан бөлек жоғары палата қабырғасында «Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша» заң жобасы қаралды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын мемлекеттік қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Жаңа заң аясында енді ротациялық төлем берілетін болады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Өңірлер мен орталықтың арасындағы ротацияны қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні министрлікте жұмыс істейтін көп азаматтар өңірлерде жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ. Өңірлерде не болып жатқанын біле бермейді. Сонымен қатар тағы бір мәселе — өңірлердің арасындағы ротацияны да қамтамасыз ету керек. Мысалы, батыстың азаматтар шығысқа барып жұмыс істейтіндей мүмкіндігі болу керек, солтүстіктегі азаматтар оңтүстікке келіп жұмыс істейтіндей мүмкіндіктер болуы қажет. Соған жағдай жасауымыз керек.