Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматыға барды
Алматыда оқушылар тасымалдайтын автобустардың саны арта түседі. «Оқушылардың қауіпсіздігі аса маңызды»,- деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындарға барып, қалалық индустриялық аймақтың резиденттерімен жүздесіп, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
«Hyundai Trans Auto» зауыты өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мектеп автобустарын құрастыра бастады. Алматы әкімдігі «Мектеп автобусы» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында осы кәсіпорыннан 100 жаңа автобусты сатып алуды жоспарлап отыр. Үкімет басшысы білім беру сапасын арттырудың басты құндылықтарының бірі – әрбір оқушының қауіпсіздігін қамту, сондықтан «Мектеп автобусы» пилоттық жобасының дұрыс және уақытылы шешім екенін атап өтті.
Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:
- Осы зауыттың іргетасы 2011 жылы қаланған. 12 жылдың ішінде осы зауыт қазақстандық бюджетке 4 млрд астам салық төледі. 250 жұмыс орны ашылған. Қазіргі кезде осы зауытта біз өнеркәсіпке арналған жүк тасымалдау, адам тасымалдау автокөліктерін шығарамыз.
Одан кейін Үкімет басшысы «Valtherm» ЖШС жоғары қысыммен құю әдісін қолданатын Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыттың құрылыс барысымен танысты. Жобаға салынған жалпы инвестициялар шамамен 15 млрд теңге.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Біз былтыр 150 индустриялық жобаны іске асырдық. Соның ішінде 2 млрд долларды құрайтын импортты алмастыратын өнім. Биыл бұл жобаларымыздың санын 170 ке дейін ұлғайтамыз. 2.9 млрд өнімді импортты алмастыратын боламыз. Осындай жобаларды біз ары қарай қолдауымыз керек.
Үкімет басшысы шағын өнеркәсіп парктері мен жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулитын жаңа спорт кешенін де аралап көрді. Және индустриялық аймағы резиденттерімен де кездесті.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев