Хабар телеарнасы

2023-2025 жылдарға арналған бюджет туралы заңға түзетулер енгізді

Атап айтқанда, бюджет түсімдері 1 жарым трлн теңгеге өсіп, 19,3 трлн теңгеге жетті. Бұл қаражаттың 40% әлеуметтік салаға бағытталады. Соңғы 5 жылда бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде шамамен 66 % өскен. Алайда осы уақыт аралығында шығындар 120% ұлғайған. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған мәселені шешу үшін министрлерді қаржы саласында тәртіп сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды. Жоғары палата спикерінің айтуынша, соңғы 8 жылда Ұлттық Қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Халықты қолдау үшін, жылу жүйелерін әрі қарай жаңғырту үшін бізге көптеген қаражаттар керек. Сол себепті министрліктер, әкімдер осы салада, қаржы саласында тәртіп орнатуы керек. Әр түрлі ұсыныстарды бере бермей, тек қана елдің жағдайына қатысты немесе стратегиялық инфраструктураға байланысты мәселелерді қаржыландыруымыз керек. Өте үлкен маңызы жоқ мәселелер болса, оны болашаққа қалдыруға болады. Сол себепті осы бағыттарда бәріміз бірге жұмыс істейік.