ҚХП үгіт-насихат тобы «Ақмола электр желілері» кәсіпорнының ұжымымен кездесті
Компания еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін операторлардың бірі. Негізінен Елордаға сонымен қатар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына электр энергиясын тасымалдаумен айналысады. Бұл халық партиясының өз тұғырнамасын түсіндіруге арналған соңғы іс-шарасы. Кандидаттар жалпы бір ай ішінде еліміз бойынша сайлаушылармен 3,5 мың кездесу өткізіпті. Штаб мүшелері барлық өңірді аралады. Алдағы сайлауға саяси ұйым атынан Мәжіліс депутаттығы үшін 66, ал мәслихаттардағы мандаттар үшін 500-ге жуық үміткер ұсынылған.
Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Төрағасы:
– Осы бір айдың ішінде біз үлкен жұмыс атқардық. Мен өз аппаратымды, өңірлердегі партияластарды мақтан тұтамын. Саяси науқан алдындағы насихат жұмыстарын өткізуге ешқандай кедергі атқарушы биліктің араласуы болған жоқ. Біз өз жұмысымызды еркін атқардық. Жаңа Қазақстан деген осы.