Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып тағайындалды
Еліміздің жаңа Үкімет басшысы тағайындалды. Бұл міндетті бұған дейін Премьер-Министр болған Әлихан Смайылов атқарады, дәлірек айтсақ, жалғастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның кандидатурасын «AMANAT» партиясынан қабыл алып, Мәжіліс депутаттарымен келісті. Осылайша басым дауысқа ие болған бұрынғы Премьер-Министр Президенттің Жарлығымен қайта тағайындалды. Ал Мемлекет басшысы оған қандай міндет жүктеді?
Президентке Әлихан Смайыловтың кандидатурасын таңертең «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұсынды. Мемлекет басшысының жеке қабылдауында болған ол, Смайыловқа ғана сенім білдіре алатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев артынша 6 партияның жетекшілерін жинап, ақылдасты. Олармен кеңесіп, Мәжіліске келген Президент бұл ұсынысты депутаттарға тастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ата-заңымыздың 44-бабына сәйкес, Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын.
Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің кандидатурасын талқылаған соң онымен келісу жайлы қаулы жобасын дауысқа салды. Нәтижесінде отырысқа қатысқан 97 мәжілісменнің 82-сі аталған кандидатураны қолдады. Ал 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды. Осылайша басым дауыспен Әлихан Смайылов еліміздің жаңадан жасақталатын Үкіметінің басшысы болып тағайындалды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрметті депутаттар! Маған артқан сенімдеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл — мен үшін үлкен жауапкершілік. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз айқындап берген еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары болады. Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асырамыз.
Бірақ кадр ескі болғанымен, міндет жаңа. Аумалы-төкпелі қазіргі заманда тыныштықпен қатар экономикалық тұрақтылық та өте маңызды. Осылай деген Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің басшысына нақты міндеттер жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бірінші мәселе — тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4% болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Екінші мәселе — инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту — негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет.
Бұдан бөлек Президент жарық, жылу, су және жол секілді инфрақұрылымдарды жақсарту, өңірлерді өркендету, денсаулық пен білім саласын дамыту және мемлекеттік аппараттың жұмысын жандандару сияқты тапсырмалар берді. Ал ең бастысы мәселелердің тағы бірі — ел сенімін ақтау. Қала берді халықтың билікке деген сенімін арттыру қажет.
Сонымен айналасы 3-4 күннің ішінде Мәжілістің құрамы жаңарып, жаңа Үкімет басшысы да тағайындалды. Енді Премьер-Министр алдағы күндері сан салаға жетекшілік ететін жаңа Министрлерді таныстырады. Ал олар қалай өзгереді және елімізді қалай өзгертеді? Бұл сұрақтардың жауабы әзірге уақыт еншісінде.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин