ҚР ІІМ адам саудасына қатысты деректерді жария етті
Оралда 3 жасар қызын 1 миллион теңгеге саудалаған Қарақалпақстан тұрғыны ұсталды. Ол бұған дейін де жаңа туған тағы бір баласын бөгде отбасыға заңсыз асырап алуға бергені анықталды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында шаруа қожалығының басшысы бір адамды 4 ай жұмысқа жегіп, құлдықта ұстаған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал Жетісу облысында 8-сыныпта оқитын 2 оқушыны тоғыз ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, жеңгетайлықпен айналысқан 30 жастағы әйел ұсталды. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жаға ұстатарлық осындай сорақылықтар Астана, Петропавл және Ақтөбе қалаларында да тіркелген. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы Үкіметтің қарауында. Осы сәуір айында Парламентке енгізу жоспарланып отыр.
Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы:
-Астана қаласында жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін тұрғын үйлерді жалдаған 6 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Ал Петропавлда қыздарды сауналар мен қонақ үйлерде саудалаған күдікті қолға түсті. Еске сала кетейік, адам саудасымен айналысқан қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас-бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.