Хабар телеарнасы

Өрт кезінде қаза тапқан Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Алматыдағы №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Арслан Жолдасбекұлы биыл 8 мамырда Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктерінде қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты.

Арсланның арманы көп еді. Анасына келін әкеліп, отбасын құруды жоспарлап жүрген. Қолынан бәрі келетін. Кәсібімен қоса құрылыстан да хабары болатын. Үлкен үй салғысы келіп еді. Жоғары оқу орнын тәмамдап, офицер болғысы келген. Анасының айтуынша, ол өрт сөндіруші болуды бала кезінен қалаған.

Бақытгүл Құрманбекова, Арслан Құрманбековтың анасы:
-Кішкентай кезінен военнный формасын жақсы көріп, жақын болатын. Армияға Петропавлға барып келді. Армияға да өзі барды. Келіп, екі айдан соң жұмысқа тұрамын деді. Өрт сөндіруші боламын деді. Бір аптадай ерекше болып жүрді. Түрі де өзгеріп әрленіп, «неге бұлай сұлу болып жүр» деп ойлайдым. Бәріне де солай көрініпті.

«Сол күні Арсланның көңіл күйі ерекше болды», — деп еске алады әріптестері. Түскі асты өзі ұйымдастырып, жігіттердің басын қосып суретке түскен. Ең маңызды жаңалығым бар. Осы жазда үйленемін. «Тойдың күнін белгіледік», — деп болашақ жарының да суретін көрсетіп, жаңалығымен бөліскен. Бірақ оның дегені болмады. Дәл сол 7 мамыр күні тау баурайындағы өртті сөндіріп жатқан кезде ағаш басып қалған.

Шыңғыс Әбитов, №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
-Ештеңе естілмейді. От жанып жатыр. Жел бар. Жоғарыда қысым бар, ештеңе естілмейді. Бірдеңе «дүңк» етіп түскен кезде Райм деген бала айғайлап: «Шыңғыс, Шыңғыс», —деп шақырып алды. Қасына барсам жанып жатқан ағаштың несі құлап астында адам жатыр екен. Басында Арслан екенін білмедік.

Арсланның енді жұмыстан оралмайтынына анасы да, артынан ерген жалғыз інісі де сене алар емес.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов