Балалар үйі өткеннің еншісінде қалуы керек – Смайылов
Балалар күні мерекесінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барды. Қазір мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі 66 бала тұрады, оның 28 жетім бала. Премьер-Министр осы балалардың тұрмысы, оқу жағдайымен танысты. Орталықтың материалдық жағдайымен танысып, балаларды мектептен кейінгі қолдау шаралары туралы сұрап білді. Жалпы елімізде қазір 116 балалар үйі бар. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірінші кезекте үй алуға құқығы бар. Коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе әкімдіктердің жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үйлердің кемінде 20% заңды түрде осындай балаларға бөлінеді. Биыл республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазақ жетімін жылатпаған ел, осы бағытта заңнамалық жұмыс та жасалмақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Біз әр баланың отбасында тәрбиеленгенін қалаймыз. Сондықтан жыл соңына дейін кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша заңнамалық нормалар қабылданатын болады. Біз барлық бала отбасында тәрбиеленуі керек деген мақсат қойып отырмыз. Сол кезде балалар үйлерінің қажеті де болмай қалады.