Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өкілеттілік мерзімі ұзартылды
Енді ол елді 2030 жылға дейін басқара алады. Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сай, қазіргі президент Шавкат Мирзиёевке сайлаушылардың 87,05% дауыс берген. Саяси шара жайлы көрші елдегі тілшіміз Рауан Мыңбаев бізге тікелей эфирде баяндап беруге дайын. Рауан қайырлы күн! Орталық сайлау комиссиясы тағы қандай деректерді жариялады?
Рауан Мыңбаев, тілші:
-Өзбекстанда президенттік сайлау жексенбі таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жалғасты. Ел бойынша 10 мың 800-ге жуық учаске жұмыс істеді. Республика ғана емес, шет елдегі дауыс беру орындарына барған азаматтар санында шек болмады. Мәселен, Ресей астанасында түсірілген мына көрініс халықтың ерекше белсенділігін көрсетті. Жалпы көршімізде сайлаушылар саны 19 млн 400 мың адамды құраса, соның 80% президенттік додаға қатысып, дауыс берген.
Зайниддин Низамқожаев, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Саяси мандаты 7 жылға ұзарған Шавкат Мирзиёев әуел бастан негізгі кандидат саналды. Ол елде ең ірі либералды-демократиялық партия атынан сынға түсті. Сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік, соның ішінде мектептегі орындар санын арттыру, азаматтардың кірісін көбейту сынды мәселелерге басымдық берді. Нәтижесінде саяси мансабында үшінші рет қатысып отырған бәсекеде жеңіске жетті.
Сергей Лебедев, ТМД-ның Бас хатшысы:
-Халықаралық ұйымдар мен байқаушылар тарапынан дауыс беру процесіне қатысты сын-ескертпелер жоқ деуге болады. Сайлаушылардың көбі таңдауын жасады. Біздің ұйымнан 160-тан аса байқаушы жүрді. Айтпақшы Өзбекстандағы сайлауда бірыңғай электронды жүйе қолданылды. Ол кез келген дауыс берушінінің аты-жөнін жалпы тізімнен табуға көмектесті.
Тізімдегі жалғыз әйел кандидат, «Әділет» партиясының өкілі Робахон Махмұдова 4,43% дауыс жинады. Оппозициялық «Халық демократиялық» партиясының үміткері Ұлықбек Иноятовты халықтың 4,02, ал «Экология» партиясының өкілі Әбдішүкір Хамзаевты 3,74% қолдады. Сәйкесінше олар саяси доданы үшінші және төртінші орынмен аяқтады.
Авторы: Рауан Мыңбаев