Биыл еліміздің Ата Заңына 28 жыл толып отыр
Осы уақыт ішінде Қазақстан бүкіл дүниежүзі танып, әлем мойындаған әйгілі елге айналды. Конституция – мемлекеттің саяси, құқықтық және экономикалық негіздерін айқындайтын басты құжат.
Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы 28 жылда бірнеше рет өзгертілді. Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Ал екі жылдан кейін Ата Заңның жаңа нұсқасы қолданысқа енгізілді. Содан бері ол 5 мәрте өзгеріске ұшырады. Соңғысы былтыр жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асты. Құжатқа маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға енгізілген түзетулер бойынша Президент, Парламент және сот институттарын реформалау көзделген. Одан басқа Мәжілістің ішінде жаңа партиялар құрылып, саяси күштерге мүмкіндіктер ашылды.
Ерлан Ахмеди, саясаттанушы:
- Еліміздің тарихы өте тереңнен тамыр тартады. Қазақ хандығының кезінде заңдар жинақтары болды. Әрине, Тәуелсіздік жылдары қабылданған Конституцилар біз үшін ерекше болып табылады. Заман өзгеріп жатыр, біз жаңа бағыт, жаңа даму жолын іздеп жатырмыз. Сондықтан да қазіргі Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаттарының бірі – қалыптасқан суперпрезиденттік басқару моделінен классикалық президенттік республикаға көшуі, сонымен қатар Парламенттің құзыретін күшейту.