Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алды
Олардың қатарында Салық кодексі мен Салық кодексін қолданысқа енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеуге беру және бірқатар халықаралық құжаттар бар. Сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенция рәсіміне қатысты факультативтік хаттама, Қазақстан мен Катар Үкіметтері арасындағы инвестициялық келісім, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы сияқты жиыны бес ратификациялық заң жобасы бар.
Сондай-ақ мәжілісмендер жазда өңірлерді аралау барысында халықтан жиналған арыз шағымдар мен бұйымтайлар негізінде Үкіметке сауалдар жолдады. Мәселен, «AMANAT» фракциясы жолаушылар тасымалы түйткілдерін көтерді.
Ерулан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі, Премьер-Министрдің орынбасары:
- Оны қазір қарастырып жатырмыз. Бізге шағын министрлік болған дұрыс және бюджеттік дисциплинасы дұрыс министрлік болғаны абзал. Себебі ол бюджеттің қаражаты. Ондай тәуекелге бара алмаймыз. Сосын аймақтарды да қараймыз. Оларда түсімі дұрыс аймақтар, республикалық деңгейде көп қаражат алмайтын аймақтар болуы тиіс. Олар өздерінің күндерін өзі көре алмаса, онда блокты бюджеттің мәні де дұрыс болмайды. Жалпы блоктық бюджет дегеніміз – қандай да бір әкімге, министрге жауапкершілік беріледі. Ол өздерінің алдында тұрған мақсатын дұрыс қоя біліп, соны дұрыс қолдану керек. Егер де қандай да бір көрсеткішке қол жеткізе алмаса, онда ведомствоның өзі жауап береді.
Ал Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Президент тапсырмаларының орындалуы бойынша Үкіметтен Парламент алдында есеп беруін талап етті. 2007 жылға дейін бұндай заңдық тетік болған. Мәселен, Мемлекет басшысының былтырғы жолдауына қатысты министрлер кабинеті тек «AMANAT» алдында ғана есеп беріпті.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:
– Президенттің өзі бөлек партияға емес, бүкіл елімізге жолдау жасауда. Сондықтан Үкімет те халық сайлаған көп партиялы Парламенттің алдында есеп беруге міндетті. 2007 жылға дейін бар болған Үкіметтің іс қимылдары туралы заңнаманы қайтаруды талап етіп, Мемлекет басшысының жолдауларының іске асуы туралы Үкімет Парламент алдында жыл сайынғы есеп беруі туралы норма енгізуді ұсынамыз.