Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті: сарапшылар пікірі
Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. Шетелдік сарапшылар Түркі дәуірінің жаңа кезеңі басталғанын айтты. Елордада баспасөз орталығынан шартарапқа хабар таратқан БАҚ өкілдері де осындай пікір білдірді. Саммитте бекіген Астана актісі мен Астана декларациясынан не күтеміз?
Берік Дүйсенбай, шолушы:
- Бүгінгі саммит түбі бір Түркі жұртының дәуірі келгенін айғақтап берді. Әзірбайжан, Түркіменстан, Түркия, Мажарстаннан келген бұқаралық ақпарат құралдары елордадағы саммит туралы жарыса жазды. Солардың жайына тоқталайын. Астана – ұран сөздер емес, нақты істер мен бастамалар алаңына айналды. Мұнда бауырлас мемлекеттердің қауіпсіздігі, геосаяси тұрақтылығы, экономикалық дамуы жайлы нақты шешімдер қабылданды. Саммитте Мемлекет басшыларының Газа секторындағы қақтығыстар жайын да қозғады. Әзірбайжандық журналист Нармиман Гусейнзаденің ойынша, мұндай алаңдар – бейбітшілікке үндеудің бірден-бір құралы. Әріптесімізбен аз кем сұхбаттасқан едік. Тыңдап көрелік.
Нариман Гусейнзаде, ARB 24 арнасының бас редакторы:
- Әзірбайжан да, Қазақстан да жағдайдың тұрақталғанына мүдделі. Мүше елдердің де бейбітшілікті үндейтін прзициясы бар. Тек осындай алаңдар арқылы ғана біз геосаяси ахуал ықпалын азайтамыз. Бейбітшілікке үндейтін алаңға айналдыра аламыз. Жалпы Еуропаға қарағанда Азия елдерінің байланысын нығайту бәрімізге маңыздырақ болып отыр.
Берік Дүйсенбай, шолушы:
- Шетелдік сарапшылардың пікірінше, елордада қабылданған бүгінгі шешімдер дамудың жаңа бетбұрысы болғалы тұр. Мәселен, түркиялық БАҚ өкілдері былай деп пікір қосты.
Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті адамзат пен төрткүл дүниенің қайта түркі дәуірімен бас қосуына түркі болады деп ойлаймын. Түркі дәуірі, тарихтағы секілді бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қайта қауыштырмақ. Астанада Түркі дәуірі тақырыбында өткен саммитіміз адамзат тарихы мен экожүйеміз үшін пайдалы болатынына сенімдімін.
Саммитте қауіпсіздік, экономика, саяси интеграция және көлік коммуникация әлеуетін арттыру мәселелері қозғалды. Түркия мен Әзірбайжан президенттері өз сөзінде көлік дәлізінің қажеттігіне тоқталды. Транскаспий дәлізін құруға бауырлас түркі елдері ғана емес, Қазақстан да мүдделі. Демек барлығының мұраты – ортақ. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтты. «Ұйымның ендігі мақсаты – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлікті сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау»,- деді.
Сарапшылардың пайымдауларынша, түркі мемлекеттері үшін дамудың жаңа бетбұрыс кезеңі басталды.
Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Қазіргі алмағайып кезеңде көлік-транзит коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондай-ақ бұл ұйымның халықаралық аренада мәртебесі өсіп келеді. Мұнда көтерілген бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Берік Дүйсенбай, шолушы:
- Жалпы түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде бас-аяғы 12 құжатқа қол қойылды. Ендігі кезекте Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы түрлі салада осы құжаттардың негізінде бекіп, ықпалдастығы мен бірлігі нығая түсуі тиіс.