Сарапшы: Тогомен байланыс күшейеді
Сарапшылар да Того президентінің Қазақстанға сапары Орталық Азия үшін маңызды дегенді айтты. Екі ел арасындағы жаңа келісімдер Орталық Азия мен Африканың арасын жалғайтын жаңа көпір болады деп топшылайды. Саясаттанушы Аман Мамбеталиевтің пікірінше, бұрын бұл елде жиі қақтығыстар болғанымен, қазіргі Тогоның сыртқы саясаттағы ұстанымдары өзгерген. Ал жері пайдалы қазбаларға бай, ауыл шаруашылығы жолға қойылған. Демек екі мемлекеттің алыс-берісі артып, туризм мен транспорт салаларында келісімдерге қол жеткізілуі мүмкін.
Мәселен, Африканың батысы пайдалы қазбаларға бай. Бокситтер, темір, алтын, уран мен хром, алюминий бойынша тау-кен орындары бар. Ал оларды игеру және инвесторларды тарту бойынша Қазақстанның тәжірибесі мол. Демек екі ел арасындағы келісімдердің нәтижесі де оң болмақ.
Аман Мамбеталиев, саясаттанушы:
- Әр мемлекет бір-біріне мүмкіндік бере алады. Агро мәдениеттің өзінде бізде өспейтін нәрсе, оларда өседі. Екіншіден, Бізде КСРО заманынан келе жатқан логистикалық маршруттар, қарапайым бананды алатын болсақ, 97-98% бір ғана мемлекеттен келеді. Эквадордан. Ал жаңа мемлекеттер біздің рынокқа кіретін болса, бәсекелестікті көбейтіп, сапасын көтеріп, бағасын түсіреді. Одан әрі туризм мәселесі бар.