Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану бағытында атқарған жұмыстардың жай-күйіне тоқталып, қолданыстағы заңнамалық нормаларға сәйкестендіру үшін мемлекеттік органдардың кейбір ведомстволық наградаларына өзгеріс енгізуді ұсынды. Бірқатар Агенттік, Министрлік және Мемлекеттік күзет қызметінің ведомстволық наградалары бойынша шешім қабылданды. Сонымен қатар кейбір мемлекеттік органдарға ескерту айтылды. Ерлан Қарин уәкілетті органға Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуын одан әрі арттыруға бағытталған кешенді жоспар әзірлеп, Үкімет арқылы бекіту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші соңғы уақытта жекелеген азаматтар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан мемлекеттік наградалардың атын, кескінін, кейбір элементтерін қайталайтын қоғамдық марапат тапсыру жағдайларының жиілеп кеткеніне және осындай әрекеттерге құқықтық негізде тосқауыл қою қажетігіне назар аударды. Осыған орай, Мәдениет және Ақпарат, Әділет министрліктеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Соңғы уақытта жекелеген азаматтар мен бірқатар қоғамдық ұйымдар тарапынан белгілі бір қоғамдық наградаларды тапсыру жағдайлары жиілеп кетті. Осындай тапсырылатын қоғамдық наградалар, мемлекеттік наградалардың атын, кескінін, бейнесін қайталауда. Осындай жағдайларға да заңдық негізде тыйым салу керек.