Жаңа Үкімет басшысы туралы не білеміз?
Сонымен Үкіметтің жаңа басшысы тағайындалды. Жасыратыны жоқ, сәуегейлер бірнеше фамилияны айтып, кешелі бері бал ашқанын да білеміз. Бүгін таңнан Бектеновтің кандидатурасы ұсынылды деген ақпараттың шығуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Жалпақ жұртқа кеңінен танымал емес ол мемлекеттік қызметкерлердің ортасында принципшіл және табанды тұлға ретінде белгілі екен.
Қазір ақпарат құралдары Олжас Бектенов туралы негізінен кризис менеджерлік қасиеті мен жемқорлыққа қарсы риясыз күрескер ретінде жарыса жазып жатыр. Премьер-министр болуға лайық тағы қандай себептерді атап өтуге болады?
Ол жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарып тұрған кезде айтқан мына бір сөзі есімде қалыпты.
«Адамдарға не керек? Қолжетімді баспана, сапалы жол, ауызсу, сапалы білім мен медицина, әділ сот пен жалпы өмір сүруге қолайлы қауіпсіз орта. Міне, халыққа керегі осы. Ал біз ол жағдайды жасап бере алып отырмыз ба? Меніңше, кейде құрғақ статистика мен әдемі баяндамаларға жұмыс істейтін сияқтымыз».
Енді субъективті пікір емес, объективті фактілермен айтайық.
Мамандығы — заңгер, кәсібі — мемлекеттік қызметкер, дәрежесі — генерал-лейтенант. Бұл Олжас Бектенов карьерасының қысқаша сипаттамасы. Ол жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарып тұрған кезінде құны 650 млрд теңгенің заңсыз шығарылған активтері қайтарылды. Қазір сарапшы атаулы мен саясаткерлер айтып жүрген негізгі себептердің бірі осы деп бағамдауға болады.
Атышулы РОП операторы, Қайрат Сатыбалды мен жары Гүлмира Сатыбалды, сондай-ақ Нұрлан Мәсімовтерге қатысты қылмыстық істер Бектеновтің тұсында қозғалған еді. Ел арасында СПЕЦЦОН деп айдарланатын арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Ұйымдасқан қылмыстық топтардың да әшкереленуі - Бектеновтің бастамасы. Антикордағы аз ғана уақытта Квазимемлекеттік саладағы жемқорлық сын-қатер талдау жүйесі енгізілді. Жемқорлық қауіп-қатер картасы жасалып, өңірлердегі жемқорлық жайлаған салалар анықталды. Заңсыз баю туралы заң қабылданып, ауыр коррупциялық қылмыс жасағандар үшін мерзімінен шартты түрде босау мүмкіндігі алынып тасталды. Бектеновтің жемқорлықты жек көретіні соншалық, басқаны былай қойып, өзінің қол астындағы жүзден астам қызметкерді жауапқа тартса, 9 адам сотталды. 2023 жылдың 3 сәуірінен бастап Президент әкімшілігін басқарды. Ал бүгіннен бастап Премьер-министр.
Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болды және ол Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс. Президент қойып отырған міндет бұл. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл жерде, әрине, ең алдымен Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие.
7 депутат қалыс қалып, 69-ы дауыс берді. «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжіліс қолдады. 43 жастағы Олжас Абайұлы Бектенов - Қазақстанның 13-ші Премьер-Министрі. Су жаңа Үкіметбасының жұмыс бағыты мен жоспарларының бір парасына тоқтала кетсек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданатын болады. Реттелетін сатып алу шеңберінде Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат - басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу және сумен қамту бағытында белсенді жұмыс атқарамыз.
Сырт көз бен сарапшылық, дәлірек айтсақ, практиктердің пікірі қандай? Жалпыұлттық социал демократтар мен Қазақстанның Халық партиясы Бектеновті қолдаудан қалыс қалғанымен, бұл партиялардың өкілдері жаңа премьерді таза тұлға деп танитындарын, жемқорлыққа қарсы риясыз күресте көзге түскен мемлекеттік қызметкер ретінде мойындайтындарын айтты. Ал «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтың пайымынша, депутаттық корпус көтерген мәселелерге, бастамалары мен сауалдарына сырғыта жауап бере салмайтын, мұқият мән беретін шенеуніктен жақсы басшының қасиетін күтуге болады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ол кісі мына жемқорлыққа қарсы агенттігін басқарғанда да, біз осы елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жөніндегі мәселені талқыладық. Бірнеше депутаттық сауалымызды оның атына жолдаған болатынбыз. Ол кісі біздің бастамаларымызға, сауалдарымызға өте мұқият қарап және оларды жай қалдырмай нақты шешімдерге мүдделі болатын.
Жалпы саясаттан хабары бар көзі қарақты адамдардың көбі бір фактіні мойындайды. Олжас Бектенов 30 жылғы олигополиялық саяси жүйеден кейін атқарушы билікке келіп отырған тың тұлға, кландар мен саяси ойындарға және бұқараның есебінен баюға қатысы жоқ, таза адам дейді білетіндер және оны өз біліктілігінің арқасында сатылап өскен маман ретінде сипаттайды. Әзірге Президент сенім артқан Үкіметтің жаңа басшысына сарапшылар тайлы-тұяғы қалмай жылы сөзін аямауда. Сөз істен ілгері жүре ме, әлде іс сөзден ілгері бола ма? Уақытында көрейік.