Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті.
– Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды.
– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.
– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын айтты. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі.
– Талап қатаң болады. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау тағы бір маңызды міндет ретінде айқындалды. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.
– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек. Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа.
– Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет. Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті.
– Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар. Дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану.
– Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі.
– Жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді. Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті.
Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты. Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді.
– Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды. Президент Мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және механизмдерін толық қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады.
Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.
– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.