Құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізіледі
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Қошанов мәлімдеді. Палата спикерінің сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев герб бейнесіне қатысты өз пікірін айтып, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Жалпы жұртшылықпен бірге мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласы мамандарының ұсыныстары жан-жақты талқыланады.
Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша «Лудоманияға қарсы күрес туралы» Заң жобасы биыл сессия соңына дейін қабылдануға тиіс.
Ал есірткіні өндіру мен тарату, вандализм және тағы да басқа проблемалардың шешімі заңнамалық деңгейде реттеледі.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Бүгінгі депутаттық сауалдар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне көрсетілген нағыз қуатты қолдау. Аталған мәселелер Парламенттің ресми мінберінен көтеріліп, нақты іске асырылатын болады. Президент белгілеп берген бағыт-бағдар барлығыңызға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізуіміз қажет.