Хабар телеарнасы

Е. Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты

Мәжіліс төрағасы бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы мен он жетінші пленарлық отырысына қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Қазақстанның бұл ұйымға төрағалығы кезінде мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастық нығайтылғанын атап өтті. Төменгі палата спикері ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясына қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты. Және Қазақстан төрағалығымен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге дайындыққа ерекше назар аударылғанына да тоқталды.

Отырыстың қорытындысы бойынша алдағы мерейтойға орай ұйымның Парламенттік Ассамблеясының Үндеуі қабылданды. Сондай-ақ делегация басшылары Мәскеуде Ресей Президентімен кездесті. Ерлан Қошанов Владимир Путинге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық қарым-қатынастың жоғары қарқынын атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

- Бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан ҰҚШҰ-на төрағалық еткен кезеңде барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуімізде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Біз серіктетерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз.