Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Ереванға Қазақстан Президенті ретінде ресми сапармен алғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін барша армян халқына алғыс айтты. Сондай-ақ еліміз Арменияның көне тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.
– Біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты байланысты жандандыру – ортақ мақсатымыз. Біздің аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы мұратымыз – бір. Биыл екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Ереван арасында ұзақ мерзімге арналған өзара тиімді серіктестіктің берік негізі қаланды. Біз Армениямен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сондықтан мен үшін бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.
– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін мол әлеует бар екеніне назар аударды.
– Тауар айналымын ұлғайтуға серпін беретін жаңа бағыттарды іздестіру керек деген ортақ пікірге келдік. Экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін нақты шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. Қазақстан Арменияға шығарылатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, инновация, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екенін айтып, армян тарапына бірқатар бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды ұсынды.
– Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы бағыттағы жұмыс Үкіметаралық комиссияның жіті бақылауында болады. Бұған қоса бизнес-миссиялардың барыс-келісін жандандыра түсуіміз керек. Бұл қадам Іскерлік кеңестің тез арада құрылуына ықпал етеді, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ инвестициялық қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін көлік және логистика саласының маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Арменияның Оңтүстік Кавказдағы көлік байланысын қайта жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Бұл ретте құрметті Премьер-министр Никол Пашинянның «Бейбітшілік торабы» бастамасына оң көзқараспен қараймыз. Сонымен қатар біз екі елдің астанасы мен басқа да қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу туралы бастаманы қолдадық. Агроөнеркәсіп саласындағы тауар түрін көбейту және оларды жеткізу мәселелерін талқыладық. Сондай-ақ Цифрлық технология бойынша ынтымақтастықты дамыту қажет. Қазақстан армениялық серіктестерімен осы маңызды салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Армениямен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты.
– Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз. Әсіресе, рухани байланыстарымызды жандандырмақ. Сондай-ақ құрметті Армения Премьер-министрімен Ереван қаласы көшелерінің біріне ұлы Абайдың есімін беру туралы келісімге келдік. Ал Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты берілетін болды. Оған қоса армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құру туралы бастаманы құптадық. Оны Еуразия ұлттық университеті және Ереван мемлекеттік университеті бірлесіп жүзеге асырады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев армян спортшыларын биыл қыркүйекте Қазақстанда өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Сонымен қатар Армения Премьер-министрімен келіссөздер барысында аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын мәлімдеді.
– Қазақстан мен Армения көпжақты құрылымдар аясында тиімді ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Елдеріміздің өңірлік және халықаралық деңгейдегі көптеген өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары – ұқсас. Бастамаларымызға өзара қолдау білдіру дәстүрге айналды. Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Президент.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Оңтүстік Кавказда бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қосуға Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді.
– Біз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерісіне белсене атсалысуға келістік. Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздердің өзара сенім және түсіністік рухында өткеніне тоқталып, бұл сапар екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Армения Премьер-министрі бүгінгі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.
– Біздің жоғары деңгейдегі диалогымыз жаңа ғана қол қойған бірлескен мәлімдеме арқылы расталды. Мұның екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуда маңызы зор. Шынайы әрі өзара тиімді байланыстарды нығайту жөніндегі ұстанымы үшін қазақ делегациясына алғыс айтамын. Біз көпжақты күн тәртібін одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін айқындадық. Сондай-ақ жаңа жобаларды, соның ішінде көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету перспективаларын нақтыладық. Біз тауар айналымының тұрақты өсіміне қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанымен келісеміз, – деді Армения Үкіметінің басшысы.