Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті

Сингапур

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Сингапурдың Премьер-министрі лауазымына тағайындалған Лоуренс Вонгты құттықтап, оның жаңа мемлекеттік қызметіне табыс тіледі, деп хабарлайды Ақорда

Мемлекет басшысы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпалдастыққа жоғары баға берді.

– Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас  орнатуға тікелей атсалыстым. 1970-жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 51, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Сингапурдың өте қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бұл елдің әлемдік экономикада жетекші орын алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сингапурға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.   

Мемлекет басшысының айтуынша, осы сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылау жоспарланып отыр.

Сингапур Премьер-министрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтті.

Лоуренс Вонг екі елдің экономикасы бір-бірін толықтыратынын және Сингапур АСЕАН елдерімен ықпалдастықты кеңейтуде Қазақстан үшін өзіндік хаб бола алатынын, ал Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Кездесуде экономикалық және инвестициялық ықпалдастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар жасыл энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, коммуникация, аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, электронды коммерция сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лоуренс Вонг Алматы облысында сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен Alatau City (G4 City) сияқты аса ірі жобаны іске асыруды, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған PSA International және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасындағы серіктестікті құптады.

Кездесуде білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты нығайту, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны арттыру, студенттер алмасу және тағы басқа мәселелерге ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейту үшін күш-жігер біріктіруге уағдаласты. Мемлекет басшысы екі елдің көпжоспарлы әріптестігін нығайтуға септігін тигізетін Үкіметаралық комиссия құруды ұсынды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Лоуренс Вонгты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Содан кейін Қазақстан Президенті мен Сингапур Премьер-министрі сапар барысында қол қойылған құжаттарды алмасу рәсіміне қатысты. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Сингапурдың Орнықты даму және қоршаған орта министрі, Сауда байланыстарына жауапты министр Грейс Фу бір-бірімен символдық тұрғыда құжат алмасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапары аясында мынадай мемлекетаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Сингапур Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сингапур Республикасының Білім министрлігі арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Enterprise Singapore компаниясы арасындағы Сингапур стандарттарын тарату және аудару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім.