Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор QazaqSham форумына қатысты

Жиында еліміздегі креативті индустрия саласындағы ілкімді жобалар таныстырылды. Қазақ тілінде контент жасаушы шығармашылық ұжымдар осы бағыттағы өзекті түйткілдерді де көтерді. Саланы дамыту әрі жетілдірумен қатар мемлекет тарапынан қабылданған нақты шаралар турасында сөз қозғалды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер қарастырылып, нәтижесінде креативті индустрия субъектілерінің саны 8% артқан. Мұның сыртында елде тиісті инфрақұрылым қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар қолға алынғандығы да атап өтілді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Осы салаға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен мән беріп отырғанын барлықтарыңыз білесіздер деп ойлаймын. Жалпы қазақ тіліндегі сапалы контент жасау - ұлттық кодты сақтау үшін, тілімізді сақтап қалу үшін, ұлттық бірегейлігімізді ары қарай ұстап тұру үшін, сондай-ақ қазақ елі туралы, қазақ елінің тарихы туралы ақпаратты әлемдік деңгейде тарату үшін, жалпы осындай ұлт болып қалуымыздың негізгі шарты. Сондықтан сіздер тек өздеріңіздің бір жеке шаруаларыңызды емес, ұлтқа қызмет етіп жүрміз деп қабылдаңыздар.