Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттары мен ҚХА мүшелерімен кездесті
Алматыға іссапармен келген Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қалалық мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың шаһарда орындалу барысы, заң шығару қызметіндегі міндеттер және Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды. Сондай-ақ жергілікті өкілетті органдарды заң шығару жұмысына жұмылдыру мәселесіне баса мән берілді. «Мұндай қадам әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілетуге, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және инфрақұрылымды жетілдіруге тың серпін беруі тиіс»,— деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Кейінгі жылдары елімізде үлкен өзгерістер орын алғанын білесіздер. Ол өзгерістерге өздеріңіз де үлестеріңізді қосудасыздар. Мемлекет басшысының бастамасымен кешенді реформалар іске асырылуда. Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет формуласы аясында елімізде билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Осылайша мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылып, әлеуметтік экономикалық бағыттағы жүйелі өзгерістерге жол ашты.
Сондай-ақ сенаторлар Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының қызметімен танысты. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен болған кездесуде ғылыми кадрлар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, зерттеу жобаларына әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсету, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды.