Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді
Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа деңгейге шықты. Білім беру, ғылым мен технология сынды салалардағы өзара іс-қимыл ілгері дамып келеді. Бір ғана визасыз режим туралы келісім талай салаға жаңа дем берді. Туризм ілгерілеп, сауда-саттық көрсеткіштері бұрын-соңды болмаған межеге жетті. Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті аясында осы бағытта стратегиялық шешімдер қабылданып, жоғары деңгейдегі келісімдер жасалады деп күтілуде.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту шаралары екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған сәттен бастап тоқтаған емес. Әсіресе кейінгі 2-3 жылда қазақ-қытай әріптестік байланысы ерекше серпін алғаны анық. Оған екі елдің көшбасшылары арасындағы жеке достық қарым-қатынасы мен екі жақты жүргізілген жоғары деңгейдегі саяси қадамдар тікелей ықпал етіп отыр.
Мәселен, бір ғана Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып ресми жариялануы көп нәрсені айғақтайды. Шекара қақпасын ешкімге аша бермейтін көрші ел сауатты дипломатиялық келіссөздердің арқасында Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді алып тастады. Осыдан кейін барыс-келіс күрт өсті. Туризм ілгеріледі. Жалпы, туризм жылы аясында ҚХР-дың қалалары мен өлкелерінде еліміздің қонақжайлығымен, бай мәдениетімен және дәстүрімен таныстыруға бағытталған 35-тен астам түрлі 35 ірі-ірі іс-шара өткізу жоспарда. Біразы өткізіліп де қойды. Нәтижесінде бүгінде қазақстандық қонақ үйлерді алдын ала брондау 200 пайызға өскен. Ал әуе рейстеріне билет брондау 50 пайызға артқан. Биыл жыл соңына дейін елімізге 300 мыңнан астам қытайлық саяхатшы келеді деген болжам бар.
Бян Иенг Зу, халықаралық сарапшы:
- Екі ел басшысының жиі кездесуі – Астана мен Бейжің қарым-қатынасының маңыздылығын көрсетеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың болашағы бірнеше негізгі факторлармен айқындалады. Оған білім, ғылым, технологиялық ынтымақтастықты жатқызар едім. Қазіргі кезде цифрландыру, инновация, әсіресе ғылым саласында өзара іс-қимылды ұлғайту екі елге де алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік береді. Бұл Астана саммиті аясында айтылып, талқыланатын негізгі бағыттардың бірі.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті алдында жеке келуі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін және жаңа экономикалық келісімдердің болуы мүмкін екенін аңғартады. Қытай төрағасы Си Цзиньпин ешқандай мемлекетте 3 күнге тоқтап, сапарламаған. Бұл көрші ел көшбасшысының біздің президентпен қарым-қатынасы, елімізге ерекше көзқарасы және жалпы қытай болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыратынын көрсетіп тұр.
Автор: Руслан Бақытбекұлы.